Президент Токио Олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау туралы жарлыққа қол қойды
ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, қоржынға қола салған спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды. Салтанатты шара Мәдениет және спорт министрлігінде өтті.
Токио төріндегі дода аяқталды. Сегіз жүлдегерді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жеңістерімен құттықтады.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Сіздер мемлекеттің намысы мен абыройы, мерейі мен мәртебесі сынға түскен жаһандық жарыста жан аяп қалған жоқсыздар. Қанша жылдық еңбекпен келген жүлделеріңіз құтты болсын! ҚР Президенті Тоқаев Сіздердің ел алдындағы еңбектеріңізді ескеріп, мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлық қабылдады.
Шынында, ерік-жігері мен бар ынтасын салған спортшылардың еңбегін мойындау керек. Еркін күрес, ауыр атлетика, бокс, дзюдо, каратэдан қолаға қол жеткізген спортшыларға мемлекет тарапынан 31 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.
Токиода ең алғаш қоржынға қоладан жүлде салған дзюдошы Елдос Сметов спорттық жетістіктері үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Ауыр атлет Зульфия Чиншанлоға ІІ дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Ал каратэшілер София Берульцева мен Дархан Асаділовке, ауыр атлет Игорь Сон, балуан Нұрислам Сонаев, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосыновқа «Құрмет» ордені берілді.
Рас, бұл жолғы Елдос Сметовтің ерлігі, ауыр атлеттеріміздің жанкештілікпен алған қоласын, алғаш халықаралық аренаға шыққан каратэшілердің жанталасын спортсүйер қауым көрді.
Елдос Сметов, Токио Олимпиадасының дзюдодан қола жүлдегері:
- Өкінішке қарай, бұл Олимпиадада көк туымыз ең биік тұғырдан көріне алмады. Көптеген жарыста әнұранымызды ойнатып, көк туымызды желбіретіп жүрдік. Алдымызда келе жатқан байрақты бәсекелер бар, біз әлі еліміздің атын шығарамыз.
Десе де бокстан кенжелеп қалғанымыз көңілге кірбің ұялатқаны сөзсіз. Қазақ жанкүйері дәл осы бокстан алтынды аңсап еді. 91 келіде сынға түскен ұзын бойлы спортшымыз Қамшыбек Қоңқабаев алтынға жете алмағанына өкінгенімен, барын салғанын айтты.
Қамшыбек Қоңқабаев, Токио Олимпиадасының бокстан қола жүлдегері:
- Әрбір спортшы, бүтін қазақ елі бокстан алтын күтті. Жігіттер шаршы алаңда барын салды, жанын салды. Құдай қаласа, енді осы бұйырмаған алтын Парижде бұйырсын дегім келеді. Біздің жігіттер әлі талай Олимпиада ойындарында әнұранымызды шырқатады деген үміт бар.
Мырзағали Айтжанов, бокстан жаттықтырушы:
- Комитеттің атынан, федерацияның атынан барлық жағдай жасалды. Сол себепті бұл жерде бірнәрсе жетпеді деп айтқан ұят болады. Мұны мойынмен көтеру керек. Осыдан бір жақсы шешім шығарып, елімізді қуанту керек.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта қоланы жеңіп алған Нұрислам Санаев мемлекет берген 31 миллион теңгені жағдайы нашар отбасыларға үлестіріп беретінін айтып, келесі Париждегі додаға тыңғылықты дайындалып, нәтиже көрсетемін деп уәде берді.
Нұрислам Санаев, Токио Олимпиадасының еркін күрестен қола жүлдегері:
- Токио ойындарынан аман-есен қайтып келдік. Жанкүйер болған бүкіл қазақ еліне үлкен рақмет! Бұйырса 2024 жылы Париж Олимпиадасы болады. Сол кезде спортшылар жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын.
Кілең қола болса да, жүлдеге жетуге шыңдап, жаттықтырған бапкерлерге 25 млн теңгенің сертификаты табысталды. Расында, Токиодағы дода елдегі спорт деңгейін ашық көрсеткендей. Өзге олимпиадаларда да олқылықтар болатын, бірақ оны алтын, күміс бүркемелейтін. Спортты дамытуда кешенді бағдарлама, шұғыл реформа қажеттігін Мемлекеттік хатшы да айтты.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Спорт саласына шұғыл реформа керек екені көрініп тұр. Бірде-бір спортшымыздың алтын мен күміс жүлдеге қол жеткізе алмауы – бұрын соңды болмаған жағдай. Бұл ретте жанкүйерлердің сын ескертпелері, халықтың талабы орынды деп санаймыз. Сондықтан Токио Олимпиадасынан сабақ алып, қорытынды шығаруымыз керек.
Каратэші Софья Берульцева, боксшы Сәкен Бибосынов, ауыр атлет Игорь Сон – қоржынға қола әперген спортшылар. Олар да өкініштерін айтып, болашақтағы жарыстарға үміттерін үкілеп отыр.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев