Антиваксерлер екпеге не үшін қарсы?
«Желіде тараған желікпе әңгімелер болмаса, бұл көрсеткіш одан да жоғары болар еді», - дейді мамандар. «Вакцина өлімге, бедеулікке, тіпті аутизмге әкеледі екен» деген дәйекке ергендер үшін жаңсақ ақпараттың залалы дауасыз дерттен кем түспейді. Күніне 8 мыңға жуық науқас тіркеліп жатса да, аурудан гөрі екпеден күдіктенетіндердің қатары сиремей тұр.
Көлікте қауіпсіздік белдігін тағу – жүргізушінің өз қауіпсіздігі үшін қарастырылған шара. «Сол секілді вакциналау да, ең алдымен, денсаулықты қорғауға берілген мүмкіндік», - дейді сарапшылар. Бұл – белдікпен салыстырғанда, өзіңнің ғана емес, өзгенің де өміріне деген сақтық. Десе де қауіпсіздіктен гөрі күмәнді алға қоятын азаматтың бірі әнші Шоқан Маратұлының пікірін тыңдап көрдік.
Шоқан Маратұлы, әнші, продюсер:
- Әрине, вакцинаға өзім күмәндана аламын. Меніңше, бұл алдымен фармкомпаниялар үшін тиімді. Бірақ бұл – менің өз ойым. Екпе жасатқысы келгендер жасатсын, алғысы келмесе алмасын. Бірақ мәжбүрлі түрде салдыруға қарсымын. Әр адамның таңдау еркіндігі болу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Қыңыр» антиваксерлердің шағын тобының кесірінен отбасыларының әл-ауқатын өз еңбегімен қамтамасыз етіп отырған азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз.
Қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы – тездетіп вакцина салдыру. Ал Президент айтқан «қыңыр» антиваксерлер деген кімдер? Олар қандай болады? Екпеге не үшін қарсы? Біз бұл сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Николай Негай, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:
- Вакцина жасатқысы келмейтіндерді антиваксер десек, біз оларды шартты түрде бірнеше топқа бөлеміз. Алғашқылары – оппозициялық көзқарасты ұстанатындар. Олар сырттан келген нұсқаулықтармен, кеңестермен санаспайды. Сондай-ақ оны жеке кеңістігіне қолсұғу деп біледі. Екінші топ – күдікшіл-уайымшыл жандар. Конспирологиялық теорияларға сенетіндер – көбіне осы кісілер. Себебі біреуден кінә іздеу оларға шындықты қабылдаудан әлдеқайда жеңіл көрінеді.
Коронавирус пандемиясымен тең дәрежеде инфодемия да – қазіргі қоғамның дерті. Жалған ақпарат, қауесет, жорамал, өсек-аяң, фейктер вирустан да жылдам тарайтыны мәлім. Бас психиатрдың айтуынша, бұл пандемиядан кейінгі әлемді бойлаған эмоционалдық стреске байланысты.
Николай Негай, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:
- Өтірік қаншалықты қисынға келмейтін болса, оған соғұрлым сенетіндер көп. Бұған себеп жалған ақпарат көбіне қарапайым әрі ұғынықты тілде жазылады. Ал ақиқатты іздеп, ғылыми журналдарды оқып, терминологияға назар аударатындар жоқтың қасы.
Ең бастысы, жалған хабарламаларда коронавирустың салдарынан басқа төнетін қауіп-қатер мүлдем дерлік есепке алынбайды. Емделіп шыққан күннің өзінде созылмалы аурулардың асқынуы туралы бір де бір сөз жоқ. Есесіне, екпеден кейінгі денсаулыққа екі-үш, бес, он бес жылдан кейінгі мерзімде сұмдық қатер төнеді деп дабыл қағады. Кереметі – әр болжам айтушының хабарламасында нақты жыл мөлшеріне дейін айтылады.
Николай Негай, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:
- Антиваксерлердің арасында дихотомикалық ойлау қабілеті бар жандар кездеседі. Олар үшін ақ пен қара, оң мен сол ғана бар. Егер вакцина 100% қорғаса аламыз, ал 1% күмән болса, онда ол тиімсіз деген дәйекті ұстанады.
Иә, екпе 100% қорғамайды. Қауіпті індетті жұқтырғандар арасында екпе алғандар да бар. Бірақ саны аз және ару олардың жанына қатты батпайды. Бұған статистика да дәлел. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, екпе алмағандар арасында өлім-жітім деңгейі 97,7%. Ал вакцина алғандар арасында бұл 2,3% қана. Оның өзінде басым бөлігі – созылмалы дерті бар егде адамдар.
Авторлары: Дана Әлиева, Әнел Әбдімова, Радик Джакупов