Елбасы мен ҚР Президенті Сұлтан Оразалиннің отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады
Хатта марқұмның бүкіл саналы ғұмырын әдебиет пен мәдениетке, әсіресе қазақ телевизиясы мен радиосының өркендеуіне арнағандығы жазылған. Нұрсұлтан Назарбаев Сұлтан Оразалиннің егемендік жылдарында жауапты мемлекеттік қызметтерді де абыроймен атқарғанын айтады. Сондай-ақ жеделхатта: «Оның авторлық бағдарламалары мен әдеби-мәдени хабарлары, танымдық телеқойылымдары, мазмұнды кітаптары, қашанда өз құндылығын жоғалтпасы анық», – делінген.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та белгілі жазушының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбукте жазды. Президенттің жеделхатында: «Сұлтан Оразалин отандық телеарнада жемісті жұмыс істеп, ұлттық құндылықтардың қайта жаңғырып, көгілдір экранда насихатталуына мол үлес қосты. Саяси-әкімшілік қызметті де абыройлы атқарды» деп жазылған. Оның мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық саясат, терминология мен ономастика мәселелерін де көтергендігіне тоқталған. Сондай-ақ соңына әдеби мол мұра қалдырған Сұлтан Шәріпұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды» – делінген.