Жолдау 2021: Президент азық-түлік бағасының негізсіз өсуін сынға алды
Бірақ бұл – «көп тамақ ішеміз» деген сөз емес. Бүгін Президент азық-түлік бағасының негізсіз өсуін сынға алды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жайылымды жер мәселесінде «ықпалды адамдардың ығына жығылып жүрген» әкімдерді де бір түйреп алды. Президент бұл Жолдауында шаруаларға жер, тұрғындарға су мәселесін шешуді үкіметке тапсырып, батыл шешім қабылдауға шақырды.
Қостанайлық шаруа Тимур Өмірзақов 40 жылқы мен 12 ірі қара ұстайды. Мал басын көбейткісі келеді, бірақ жайылым жер жоқ. Тұрғындар 419 гектар жерді заңсыз иемденіп алды деп жергілікті кәсіпкерді кінәлайды, әкімдік де бизнесменнің әрекетін жақтап отырған көрінеді.
Тимур Өмірзақов, Қоскөл ауылының тұрғыны:
- «Несиемен жылқы алсаң, жер береміз» деп уәде берді. Айтқандарын орындадым. Алайда маған бір гектар болсын жер бөлмеді. Бос жер жоқ деп ақталды.
Ел ішінде жер дауы көбейіп кетті. Мұны Президент те естіп, біліп отыр. Тіпті ықпалды адамдардың кім екені, олардың ығына жығылатын да кімдер екені мәлім. Ауылдағы ағайын көп нәрсе сұрап отырған жоқ, жер болса дейді. Президент үкіметке бұл мәселені шешуді тапсырды және батыл болыңдар деп қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс.
Қазақстанның аграрлық әлеуеті алапат. Бүгінде 1,5 млн қазақстандық осы салада еңбек етіп жүр. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үкіметтің күн тәртібінен ешқашан түспеген мәселе. Бірақ ет те, сүт те қымбаттап жатыр. Неге? Жауапты органдар жалтарып тынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жауапкершілікті зонасын шектеп, бір ғана негізгі органды белгілеп, ол нақты регламентпен бекітілуі тиіс. Қазір бұл сұраққа бірнеше орган жауапты. Баға өскен сәтте олар талдау жасап, тиісті шараларды қабылдаудың орнына бір-біріне сілтеп отырады. Бағаны реттеу мәселесін жөнге келтіру керек. Бұл ретте Үкімет 1 айдың ішінде шешім қабылдауы тиіс.
Шаруалар субсидия сұрайды. Мемлекет беріп жатыр. Мысалы, бұл салаға 2019 жылы – 324 млрд, ал өткен жылы – 294 млрд теңге субсидия бөлінген. Бірақ біздегі субсидияның соңы сотпен тынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы 5 жылдың өзінде субсидиялауға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуы тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек.
Президент бүгін ауыл шаруашылығы саласын дамытуға тұсау болып отырған екі нәрсені атады. Ол – ескі техника мен жетілмей қалған ветеринария. Біздегі технологияның 90% тозған. «Жаңарту керек», – деді Президент. Ветеринария саласын да жетілдіру керек, атап айтқанда саланы цифрландыру, жақсы маман даярлап, лайықты жалақы ұсыну керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек.
Маңғыстау облысының 174 мың адам тұратын Мұнайлы ауданында ауызсу тапшы. Бұл мәселе жыл сайын жаз мезгілінде көтеріледі.
Айсұлу Қожанова, ауыл тұрғыны:
- Ертең жазда жетпей қалады. Су 15 күннен тоқтап қалады. Балаларымызды шомылдыра алмаймыз, «егін» деген бар. Шешілетін шығар деп ойлаймыз.
Су тапшылығы мәселесі тек мұнайлылықтардың ғана мұңы емес. БҰҰ-ның дерегінше, алдағы он жылда су тапшылығының көлемі 40% жетуі мүмкін. Суды үнемдеу керек. Бірақ қалай? Президент оның да жолын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс.
«Қазақстан суды үнемдеуге көшеді», – деді Президент. Елдегі 120 су каналы қайта жаңғырады. Ақмола, Алматы, БҚО, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Атырау мен Маңғыстау облыстарының аудандарын ауызсумен қамту үшін Астрахань-Маңғыстау су құбыры жаңғыртылады және Кендірліде су тұщытатын жаңа зауыт салынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешім тапқан жоқ. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100% таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет.
«Міндет көп», – деді Президент. Жоспар бар, жұмыс істеу керек. «Ал жұмыс істеу қолынан келмейтіндер қызметтен кетуге тиіс», – деп түйді Тоқаев. Президент осылайша үшінші жолдауын өктем аяқтады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев