Нұрлан Нығматулин Дүниежүзілік Парламент Спикерлерінің конференциясына қатысты
V Дүниежүзілік Парламент Спикерлерінің конференциясы былтыр болуы тиіс еді, алайда пандемия тосқауыл болып, ол кезде онлайн өткізілген болатын. Десе де шешімі кезек күттірмес жаһандық проблемаларды көзбе-көз жүздесіп талқылау қажеттілігі туды.
Сөйтіп, Парламентаралық одақ Австрия Парламенті Біріккен ұлттар ұйымымен бірлесіп ұйымдастырған ауқымды шараға қазақстандық тарапты Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастап барды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Австрия халқының саны бар жоғы 9 миллионнан сәл-ақ асады. 80% екпе салдырған, соңғы статистика бойынша қазір 17 мың адам коронавирусқа шалдыққан. Пандемияның кесірінен уақыты бірнеше рет шегеріліп келген V Дүниежүзілік Парламент Спикерлерінің конференциясын өткізудің сәті енді түсті. Жер жиһанның парламентшілерін жиған Венада қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлінген. Шетелдік меймандар күнделікті тест тапсыруға міндеттелген. Коронавирустан қорғану талаптары ескеріліп, әр ел үшін делегация құрамы шектеулі.
Делегаттар сақтану шараларын қатаң ұстанып, әлеуметтік арақашықтықты да жадынан шығарған жоқ. Венадағы жиынға төрткүл дүниенің 100-ден астам мемлекетінен Парламент Спикерлері қатысты. Қазақстандық парламентшілерді бастап барған Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз сөйлеп, күн тәртібіне сай өз пайым-пікірін жеткізді. Әуелі тиімді мемлекет пен әділ қоғам құрудағы Елбасының рөлі мен дәл осы саяси бағытты сәтті жалғастырған Президенттің бастамаларына тоқталды.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Венада өтіп жатқан маңызды жиында бүкіл әлемге тараған пандемия жағдайы, халықаралық әріптестік, бейбітшілік және қауіпсіздік сияқты басқа да көптеген мәселе талқыланды. Осы форумға жиналған Парламент өкілдері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформаларына, саяси бастамаларына ерекеше көңіл бөлді. Бұл – біздің қазақстандық даму жолымыздың әлем елдерінің назарында екенінің тағы бір нақты көрсеткіші.
Әлем парламентшілері тәж тажалымен күрес, коронавирустан кейінгі жаңа өмірге бейімделу, гендерлік теңдік мәселелері бойынша өз көзқарастарын ортаға салды. Қаузалған көп тақырыптың тұздығы – ауған мәселесі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин күллі әлем көз тіккен Ауғанстандағы тұрақтылыққа қатысты кесек ойын білдірді. Бұдан бөлек Мәжіліс Спикері жиналғандарға жер-жиһанды діңкелеткен пандемия жағдайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасын жеткізді. Шетелдік парламентарийлер қолдау білдірді.
Мартин Чунгонга, Парламентаралық одақтың бас хатшысы:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы шешімі халықаралық қауымдастықтың үлкен қызығушылығын туғызуда. Коронавирус пандемиясының салдарынан болып отырған қазіргі жағдай бұл бастаманың өзекті екенін көрсетіп отыр. Әлем парламентарийлері бұл ұсыныстың маңыздылығын айтып қолдау білдіруде.
Маргарета Седерфельт, ОБСЕ ПА Президенті:
- Қазақстан Президентінің бастамалары, әсіресе жастарды мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатыстыру туралы, гендерлік теңдік жайлы реформалары көңілге қонымды. Қазақстан бұдан әрі де заман ағымына сай даму жолын жалғастыра берсін деп тілеймін.
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен ауқымды жиын аясында бірнеше екіжақты кездесу өткізілді. Парламентаралық одақ төрағасы Дуарте Пашекомен жүздесу барысында тараптар жаһандық проблемалардың заңдық тұрғыда қолдау табуының маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Испания Корольдігі Депутаттар конгресінің төрағасымен, Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының басшысы Пак Бен Сокпен кездесу барысында тараптардың сауда экономикалық байланысын қыздыру үшін парламентаралық серіктестікті тереңдету жайында сөз қозғады. Бұдан өзге Әзербайжан ұлттық мәжілісі мен Қырғызстан, Бельгия Парламенттерінің Төрағаларымен кездескен Нұрлан Нығматулин заңнамалық тәжірибе алмасудың өзектілігін айтып өтті.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Еуропа мен Азияның өзге де делегаттарымен ұзын саны ондаған кездесу өткізген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин баршаны еліміздегі саяси реформалардан хабардар етті. Адамдардың құқы қорғалып, жарқын өмір сүруі, гендерлік теңдік, жаһандық қауіпсіздік секілді салмақты тақырыптар хақында салиқалы ойлар айтылып, шешімдер ұсынылатын Дүниежүзілік Парламенттер Спикерлерінің конференциясы енді жылдан кейін өтеді.