Қ. Тоқаев: Қазақстан ауған босқындарын қабылдамайды
Десе де Ауғанстанның жаңа билігімен сауда-экономикалық қатынасты жандандыру қажеттігін айтты. Енді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы әрі бітімгері қызметі пайда болады. Бұл – мүлдем жаңа лауазым.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Исмаили Сомони – тұтас тәжік халқы қадір тұтқан тарихи тұлға. Елдегі бейбітшілік пен бірліктің символы. Ескерткіш тоқсаныншы жылдардың соңында азаматтық соғыс аяқталғанда салынған. Содан бері Тәжікстан біртұтас ел ретінде дамып келеді. Бұл – бір емес, бірнеше жылдар бойы орнаған бейбітшілік. Оны осы Душанбе көшелеріндегі бейқам өмір, берекелі тіршіліктен аңғаруға болады.
«Душанбе» сөзі қазақ тілінде «дүйсенбі» деген мағынаны білдіреді. Ежелде әр аптаның алғашқы күні бұл шаһарда жәрмеңке ұйымдастырылып, көпшілік сауда-саттық жасауға жиылатын. Қазір де сол дәстүр үзілмеген. Қала – шығыс өркениетінің бір бөлшегі. Әрі осы күндері әлемдік геосаясаттың назарында. Сондықтан қауіпсіздік, әсіресе, коронавирусқа қарсы шараларға баса мән берілген. Кеңеске келгендерден күн сайын ПТР сынама алынып, тест нәтижелері тексеріліп тұрады.
Тәжікстан мемлекет басшыларын жоғары деңгейде қарсы алды. Қонақжай жұрт меймандарға сый-құрметін көрсетті. Ал Эмомали Рахмон әріптестерін резиденциясында қабылдады.
Тәжікстан десе, ең алдымен Таяу Шығыс, әсіресе, соғыс оты шарпыған Ауғанстан еске түседі. Ол түсінікті де. Ауған елі Душанбеден 200 шақырым жерде орналасқан. Ал Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскери ынтымақтастық мақсатта құрылған. Алты бірдей мүшесі бар. Душанбедегі ұжымдық қауіпсіздік сессиясына 5 елдің басшысы келді. Ал Ресей президенті коронавирусқа байланысты карантинде отыруға мәжбүр. Ол бүгінгі жиынға бейнеконференция форматында қосылды.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:
- Біз саяси тұрғыда өзара іс-қимылдарымызды жоғары деңгейде жалғастырып келеміз. Сыртқы саяси көзқарастарымыз ортақ. Екіншіден, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге келгенде бірлескен мәлімдеме қабылдау тәжірибесін сақтап қалдық. Парламентаралық байланыс кеңейді. Ауғанстандағы жағдай ушыққан кезде ұжымдық әрекет ету дайындығы жоғары деңгейде қамтамасыз етілді.
Эмомали Рахмон жиында шұғыл мониторингтік топ құру жөнінде ұсыныс жасады. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Себебі мониторингтік топтар өңірдегі террористік ошақтарды жоюға атсалысады. Кейінгі кезде Ауғанстанмен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстар әлсіреді. Елге жаңа билік келіп, қалыптасқан қатынастар тоқтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауғанстанмен арадағы қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды мүмкіндігінше қайта қалпына келтіру маңызды деп санаймын. Ұзақмерзімді стратегиялық ұстанымдарын әзірлеуге қатысты жаңа биліктің қызметін мұқият бақылауды жалғастыру қажет деп ойлаймын. Біздің негізгі бағдарымыз – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі. Қазақстан оны толық қолдауға ниетті.
Террористік қауіптен бөлек есірткі саудасы мен босқындар ағыны аймаққа зор қатер төндіріп тұр. Ауғанстанда көп ұзамай гуманитарлық апат та болуы әбден Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауғанстанның жаңа билігімен іс-қимылдарды үйлестіру және ықпалдастықты қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды ұсынамын. Жаңа ауған билігінің шекаралас мемлекеттер мен аймақтарға терроризм қаупінің таралмауына жол бермеу жөніндегі міндеттемелерін орындауы – біздің айқын басымдығымыз. Бұл есірткі тасымалы мен заңсыз көшуге қатысты. Олармен күрес барлық мүдделі тараптардың ұжымдық күш-жігерін талап етеді.
Қазақстан тәжік-ауған шекарасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны қолдайды. Бұл аралық Орталық Азия үшін аса маңызды. Өңір босқындарды қабылдауға, яғни заңсыз миграцияға жол бергісі келмейді. Дегенмен ұйым мүшелері ауған халқын қиындықпен бетпе-бет қалдырмауға ниетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Елдеріміздегі террорлық ошақтарды анықтап, ауыздықтау жөніндегі, сондай-ақ экстремизм мен терроризм үгітіне қарсы күрес жұмыстарын күшейту қажеттігі туралы әріптестеріміздің пікірлерін қолдаймыз. Оңтүстік шекара әрі ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының өзіндік «қауіпсіздік белдеуі» саналатын тәжік шекарасын бекемдеуге жан-жақты көмек көрсету қажет деп санаймыз. Одан бөлек ауған босқындарын және елдеріміздің аумағында шетелдің әскери базасын орналастырудың тиімсіздігі туралы ортақ ұстанымды қолдаймыз.
Президент таяуда Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының бас хатшысы әрі бітімгері қызметін бекітуді ұсынған болатын. Сол бастама бүгін қолдау тапты. Енді Ауғанстан мәселесімен ұйымның арнайы өкілі айналысады.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі:
- Бұл бастамаға сәйкес осы ұйымның бас хатшысының жанында арнайы өкіл тағайындалатын болады. Бұл өкіл бітімгерлік мәселелермен айналысатын болады. Өздеріңіз білетіндей, біздің бітімгерлік миссиялар әр түрлі аймақтарда үлестерін қосуда.
Биологиялық қауіпсіздік мәселесі де мемлекет басшыларының назарынан тыс қалған жоқ. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымының аясында халықаралық агенттік құруды ұсынды. Сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздік ұйымының ұжымдық күштерін қару-жарақпен қамту жөніндегі құжатқа қол қойды.
Станислав Зась, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы:
- Мемлекет басшылары ұжымдық күштерді заманауи қару-жарақпен жабдықтап, арнайы әскери техникамен қамту жоспарын бекітті. Бұл құжат біздің қабілетімізді жаңа деңгейге көтереді. Әскердің материалдық-техникалық базасы нығаяды. Президенттер бұл құжатты бірауыздан қолдап, бекітті.
Президенттер көтерген бастамалар аяқсыз қалмайды. Енді ұжымдық қауіпсіздік ұйымы өңірдегі кез келген қауіпке бірлесіп төтеп береді. Тәжікстан төрағалық міндетін Арменияға тапсырды. Ендігі сессия отырысы Ереванда өтеді.
Рауан Мыңбаев, тілш:
- Президенттің Душанбедегі жұмыс тәртібі мұнымен шектелмейді. Мемлекет басшысы ертең де өзге әріптестерімен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының алаңында бас қосады. Бұл жиында қаралатын мәселелер де маңызды. Оған қатысатын Иран, Моңғолия, Пәкістан, Өзбекстан президенттері де Душанбеге табан тіреді.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Жандос Битабаров, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиев