Қ. Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді
Еңбек даулары шешіледі. Электр желілері жаңғыртылады. Жем-шөп қорын арттыру үшін Үкімет тез арада жүйелі шара қабылдағаны жөн. Әзірге мұның бәрі қазір күрделі мәселе болып тұр. Мемлекет басшысы екі күндік жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Ақтауға табан тірей салысымен, Президент бірден кеңес өткізді. Аймақта қордаланған мәселе көп. Енді әрбіріне жекелей тоқталсақ. Елдегі еңбек дауларының 80% Маңғыстау облысында болады. Өңірде тек жыл басынан бері 150 дау туындаған. Оның 130-дан астамы – мұнай-газ секторында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 8 ірі кәсіпорын дағдарыс алдында тұр. Қазір жұмыс азайып жатыр. Соның салдарынан 1500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Олардың бәрі мұнай саласына қызмет көрсететін компанияларда істейді. Біз былтыр бірдей қызмет атқаратын жұмысшыларға төленетін жалақы да бірдей болуын заң жүзінде міндеттедік. Оларға өндірісте және тұрмыста тең жағдай жасалуын талап еттік. Әкімдік құзырлы органмен бірлесіп, еңбек заңнамасының сақталуына қатаң бақылау жасауы керек.
Мердігерлік жұмыстар көп жағдайда бір күндік жалған компанияларға беріледі. Олардың құрал-жабдығы да, қажетті мамандары да жоқ. Мұндай компаниялар тапсырысқа ие болу үшін бағаны әдейі төмендетеді. Ең сорақысы, оны жалақы төлеу қорының есебінен өндіріп алады. Президент: «Бұл жағдайды түзетуге тиіспіз», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қосалқы мердігерлік жұмыстың ауқымына белгілі бір шек қойған жөн. Бір компанияға берілетін тапсырыстың көлемі 25%-тен аспауы керек. Жалған фирмалардың жолын кесу үшін тендерге қатысатын компанияларға қойылатын біліктілік талабын қатайту қажет. Қордан тапсырыс алатын фирмаларға жалақының төменгі шегін бекітіп беру керек. Сонымен бірге Қордың сатып алу ережелеріне өзгеріс енгізген жөн. Жоғары жалақы төлейтін фирмаларға байқау кезінде қосымша жеңілдіктер жасалуға тиіс.
Кейбір жеке компания басшылары жұмысшыларын ереуілге әдейі итермелейді. Президент: «Бұл компаниялардың тізімі менде бар», – деді. Олардың мақсаты – халықты қалқан еткен болып, мемлекеттен ақша алу. Сөйтіп, әлгілер бөлінген қаржыны жұмысшыларға бермей, өз қалтасына басады. Енді мұндай қитұрқы әрекеттің жолын кесіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бәрі заң аясында жасалуға тиіс. Жаңаөзенде тұрақты жұмыс істейтін ведомствоаралық штаб құру қажет. Оған мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы белсене қатысуы керек. Бұл штаб шұғыл шешім қабылдауға және халықпен тығыз қатынас орнатуға қажет.
Облыста жұмыссыздық мәселесі ушығып тұр. Жергілікті жұрт жұмыс таппай жүрсе, мердігерлер басқа жақтан еңбек күшін тартып жатыр. Өкінішке қарай мемлекеттік шаралар тиімді іске асырылмайды. Жұмыс берушілердің 40% ғана қызметкерлерінің зейнетақы салымын төлеп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Басқасы қайда? Адамдар шынымен жұмысқа тұрды ма әлде бәрі қағаз жүзінде қалып жатыр ма? Құзырлы органдар мұның анық-қанығына жетуі керек.
Жаңаөзенде шағын және орта бизнесті дамытып, жұмыс орындарын ашу үшін жеке Жол картасы әзірленеді. Мұнай-газ компаниялары шағын және орта бизнеспен ұзақ мерзімге келісім жасауы қажет. Осыдан соң Президент: «Өңірде инфляция деңгейі тым жоғары», – деді. Аймақта азық-түлік тауалары қымбаттап жатыр. Тамақтың шамамен 80% импортталады. Ауыз су да өзекті. Маңғыстау жұрты тіршілік нәрінен тарығып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әлі күнге дейін белгілі бір уақытта ғана су берілетін ауылдар бар. Осындай мұқтаждық барын біле тұра, қыруар қаржы басқа мақсатқа жұмсалып жатыр. Түрлі қымбат ғимараттар салынуда. Бұл да керек шығар, бірақ ешқайсысы судан маңызды емес. Шын мәнінде су дегеніміз – өмірдің нәрі.
Ақтауды сумен қамтамасыз ететін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС 20 жыл бұрын тозып біткен. Ол жаңғыртылды. Бірақ тұщы су шығаратын 2 қондырғы жобалық межесіне жеткен жоқ. Осы ретте Президент Үкімет пен әкімдікке «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-ны жаңғыртып, оның қуатын күшейту үшін шұғыл түрде іс-шаралар жоспарын әзірлеуді міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңаөзен қаласында да су тапшы. Мұнда тәулігіне шамамен 15 мың текше метр су жетіспейді. Үкімет пен әкімдік Кендірліде жаңа су тұщыту зауытын салуға талай жылдан бері қаржы таппай келеді. Ауылдық жерлер әлі күнге дейін сапалы ауыз суға мұқтаж. Облыстағы 12 елді мекенде, яғни ауылдардың 20% ауыз су жоқ. Биыл 4 ауылға ғана су жеткізу жоспарланған. Бұл жұмыстың қарқыны өте баяу. Әкімдікке келесі жылдың соңына дейін осы 12 ауылдың бәріне таза су беруді тапсырамын. Қажет болса, Үкімет бұған қолдау көрсетеді.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
- Сіздің тапсырмаңызды орындау бағытында келесі шараларды жүзеге асыру жоспарлануда. «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-ші кезеңі басталды. Бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты биыл іске қосылады. Зауыт іске қосылғаннан кейін «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босайтын су көлемін өңірде қалдыру арқылы ауыз су көлемін ұлғайтуға мүмкіндік болады. Ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін Кешенді жоспарда жалпы су тұщыту қуаты 229 мың текше метрді құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру ұсынылып отыр. Тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл өңірде мұнай қорының жаңа көздері жоқ. 2030 жылға қарай қазіргі кен орындары едәуір сарқылып, облыстағы мұнай өндірісі 23% кемиді. Бұл ретте геологиялық барлау жүргізуге баса мән бермек керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы геологиялық барлауға және жаңа кен орындарын іздеуге инвесторларды белсенді түрде тарту қажет. Менің тапсырмаммен осы жылдың аяғына дейін Ұлттық геология қызметі құрылады. Негізгі мақсат – инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету. Маңғыстау облысында жүргізілетін геологиялық барлау жұмысы жөнінде жеке Жоспар бекітілуі керек.
Биыл қуаңшылықтың кесірінен Маңғыстауда мал шығыны болды. Ауылдағы ағайын қиындыққа ұшырады. Үкімет ахуалды тұрақтандыру үшін резервтен тиісті қаражат бөлді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алайда бұл қаржы қиналған шаруаларға мезгілінде жеткен жоқ. Жергілікті әкімдік пен құзырлы министрлік қайта-қайта қағазын түгендеп, құжатын реттеп отырғанда уақыт өтіп кетті. Бұдан тағы да қарапайым халық жапа шекті. Көмек дер кезінде жетпесе, одан кейін қанша миллиард бөлінсе де, қайыр жоқ. Мұны орталық та, жергілікті билік те жете түсінуге тиіс. Шұғыл қажет болғанда бюрократияны ысырып тастау керек. Жем-шөп қорын арттыру үшін Үкімет тезірек жүйелі шара қабылдағаны жөн.
Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
- Қазіргі жағдайды ескере отырып, «Қазақ мал азығын өндіру және жайылым ғылыми-зерттеу институты» ғылыми қызметкерлерін тартып, геоботаникалық және гидрогеологиялық зерттеу арқылы жайылымдық жерлердің құнарлығы мен ылғалдылығын анықтау үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда (50,0 млн теңге). Бұл алдағы кезеңге перспективалық шаралар болып табылады.
Тағы бір өзекті мәселе. Өңірде, әсіресе Түпқараған ауданында заңсыз балық аулау дерегі көбейіп кеткен. «Кінәлілер жазаға тартылуы тиіс», – деді Президент. Бірақ қудалаумен ғана мәселе шешілмейтіні айдан анық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Балық өсіріп, оны өңдейтін кәсіпорын құруға қолайлы жағдай жасау керек. Жер телімін беріп, инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру қажет. Өнімді нарыққа шығару үшін де көмек көрсеткен жөн. Жаңа әкім мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі бұған баса мән беруге тиіс.
Облыстың денсаулық сақтау саласындағы жағдай да күрделі. Халыққа екпе салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Вакцина алуы қажет тұрғындардың 34% ғана екпе екі рет салынған. Әсіресе еңбек ұжымдары екпеден жаппай бас тартып жатыр. Дәрігерлер де тапшы. Мемлекет басшысы: «Мәселені шешу керек», – деді. Бұдан бөлек әкімдік 2023 жылы Ақтаудағы көпбейінді аурухана мен 300 орындық емхана құрылысын аяқтауы тиіс. Облыс орталығына іргелес жатқан Мұнайлы ауданында халық саны да күрт өсіп келеді. Тиісті әлеуметтік инфрақұрылым тапшы. Соның салдарынан жұрт дәрігерлік көмек алу үшін қалаға сабылуға мәжбүр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында 150 орынға арналған орталық аудандық аурухана салуды міндеттеді. Осыдан соң облыс әкімдігіне 2025 жылға дейін жаңадан 18 мектеп салуды тапсырды. Ақтаудағы тұрғындардың саны өскен сайын электр қуатын тұтыну көлемі де арта түспек. Сондықтан әкімдік 2023 жылға дейін Ақтаудағы Ботаникалық бақтың маңына қосалқы электр станциясын салуы тиіс. Осыдан соң Президент көгалдандыруға тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ақтау қаласын көгалдандыруға жыл сайын 850 миллион теңге бөлінеді. Алайда дұрыс күтіп баптамаған соң, бәрі қурап жатыр.Тұрғындар мен қоғам белсенділері бұл туралы үнемі айтып жүр. Мен елімізде 2 миллиард түп ағаш отырғызу қажеттігін айттым. Өкінішке қарай бұл тапсырма өңірде орындалмай жатыр. Жоспар бойынша 720 мың ағаш отырғызылуға тиіс болатын. Бірақ мұнда бір тал да егілген жоқ.
Президент: «Аймақтың ауа райын түсінемін, бірақ соны сылтау қылып, қол қусырып отыруға болмайды», – деді. Сөйтіп, облыс әкіміне бұл мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды. Тек бұл емес, өзге де проблемаларды шешіп, өңірдің тынысын ашу – енді Нұрлан Ноғаевтың міндеті. Оған Президент те сенім артып отыр. Сенім артқан соң облысқа басшы қылып жіберді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен өңірдің дамуына тың серпін беру үшін Нұрлан Асқарұлы Ноғаевты Маңғыстау облысының әкімі етіп тағайындадым. Ол – аймақта да, орталықта да қызмет атқарып, әбден ысылған білікті басшы. Оның тәжірибесі мұндағы ахуалды жақсартуға септігін тигізеді деп санаймын.
Үкімет, «Самұрық-Қазына» қоры және әкімдік облысты өркендетіп, халықтың тұрмысын жақсарту үшін нақты ұсыныс әзірлеген. Кеңес барысында Президент бастамаларды қолдайтынын айтты. Осы ұсыныстарды жүзеге асырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Үкімет пен әкімдік екі аптаның ішінде Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын бекітуі тиіс.