Президент Ақтаудағы бірқатар нысанды аралады
Қазір өңірге баратын турист саны артуда. Дегенмен курортты жерлердің туристік әлеуеті толық игерілмей отыр. Каспий жағалауы сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар жақын арада Кендірлі аймағы мен Баутино портының да мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет.
Кеңестен соң Мемлекет басшысы туризмді дамыту жоспарымен танысты. Былтыр Ақтауда Каспийдің маңынан Rixos Water World Aktau қонақ үйі ашылған еді. Демалыс кешені туризмге оң ықпал етті. Ал биыл шілдеде қонақ үйдің жанынан аквапарк пен аттракцион бой көтерді. Бұл екі жобаға да түріктің құрылыс компаниясы инвестиция құйған. Әлі де құюда. Айталық, шетелдік компания мына ауданда 300 вилла, гольф клуб, 40 мың шаршы метрлік сауда кешенін салып жатыр. Бәрі де жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Ринат Меркамал, түркиялық Құрылыс компаниясы бас директорының көмекшісі:
- 2020 жылы Rixos Water World Aktau қонақ үйін аштық. Ашылғаннан кейін көптеген туристер келді. Маңғыстау өзінің көрікті жерлерімен таныла бастады. Осы жылы тағы тематикалық паркты аштық. Ол екінші қарқын туристерді алып келді. Әрине, мынау гольф клуб пен сауда-саттық орындары және келесі келетін қонақ үйлер туризмнің беделін арттыратыны сөзсіз.
Түріктікінен бөлек өзіміздің де құрылыс компаниялары қазір Каспийдің жағасында демалыс орындары мен тұрғын үй кешендерін салып жатыр. Себебі сұраныс бар. Аймаққа, әсіресе Ақтауға келетіндердің қатары жыл санап өсіп келеді. Мәселен, былтыр пандемияның өзінде облыста 160 мың турист болған. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта Маңғыстауда 139 мың адам демалған. Жыл аяқталғанша 180 мыңға жетіп қалуы кәдік. Келесі жылы тіпті 300 мыңдай турист келуі мүмкін деген болжам бар.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Ал 2025 жылы Маңғыстау аймағына 1 жылда келетін турист санын 750 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін нендей жағдай жасалатынын айттық. Бірегей нысандар салынып, осы қарқынмен көркейе берсе, Ақтаудың да Анталияға айналар күні алыс емес.
Нұрәділ Иманғалиев, облыстық Инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Өздеріңіз көріп отырғандай, Ақтау Анталиядан кем емес. Анталияға айналу ықтималдығы бар. Жалпы осы туризм саласында 2022-2025 жылдар аралығында жергілікті компаниялармен 8 жоба іске асыру жоспарланған. Олар 70 млрд теңгеден астам қаржыны талап етеді. Бұлар – біздің жергілікті жобаларымыз.
Аймаққа жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Ақтауда жаңадан салынған «Халық Арена» спорт кешенін ашты. Спорт кешенінің құрылысы 2018-ші жылы басталған.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Бұл мұқым – Маңғыстау өңіріндегі ең үлкен спорт кешені. 8 залы, 4 спорт алаңы бар. Бір мезетте спорттың 19 түрімен 2500 адам айналыса алады.
Қанат Жұмабаев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Бұл жерде әрине, біріншіден жоғары спорт шеберлігі мектебі де спортпен шұғылданатын болады. Сонымен қатар бұқаралық спорт түрі де, тұрғындарға да, жастарға да, жасөспірімдерге де пайдаланылатын болады. Жыл соңына дейін 1 спорт кешені мен 1 спортзал берілетін болады. 2025 жылға дейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 100 спорт алаңы мен 10 спорт зал, 4 спорт кешенді салу жоспарлануда.
Президент спортшыларға сәттілік тіледі. Сәттілік тіледі де, өзінің теннистен спорт шебері атанғанын атап өтті.
Әсем Таңатар, бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері:
- Облысымызда осындай спорт кешенінің ашылып, қолданысқа берілгені жастардың спортпен шұғылдануына мүмкіндіктерін беріп, құлшыныстарын арттыруда. Мақсатымыз – Олимпиадаға қатысу, чемпион атану. Оған дейін осында еңбектеніп, тер төгеміз.
Облыстағы 700 мыңнан аса адамның осы күні 264 мыңы спортпен айналысады. Бұл өңірдегі жұрттың 36% спортты серік етеді деген сөз. Ал 2025-ші жылға дейін аталған көрсеткішті 50%-ке жеткізу міндеті тұр.