Президент БҰҰ сессиясында жаһандық сын-қатерді еңсеру жолдарын ұсынды
Жарқын болашақ жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясында пандемияға тап болған кезеңде өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына назар аударды.
Мемлекет басшысы қазір күллі әлем бетпе-бет келген үш сын-қатерді атап, оларды еңсеру жолдарын ұсынды. Президенттің сөзінше, пандемиядан кейін экономиканы қалыпқа келтіру үшін вакцинаға қолжетімділікті арттыру қажет.
Қазақстан Президенті климаттың өзгеруі мен Ауғанстандағы ахуал төңірегіндегі пікірін ортаға салып, бүкіл әлемді алаңдатып отырған ядролық қарудан бас тарту, азық-түлік тапшылығы сияқты мәселелерге де тоқталды.
Талғат Алманов, тілші:
- Бұл күндері Нью-Йорк әлем назарында. Өйткені БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында 100-ден астам мемлекет және үкімет басшысы Нью-Йорктегі штаб-пәтерде бас қосты. Жиынға қатысушылардың мақсат-мүддесі бір: халықаралық ынтымақтастықты дамытып, көмекке мұқтаж елдерге қол ұшын созу. Сондай-ақ COVID-19 пандемиясымен күрес – күн тәртібіндегі негізгі мәселе.
Әлемді жайлаған кедейшілік пен жаһандық тұрақсыздықты тоқтату әрі климат өзргесімен күресу – ертеңгі күніміздің кепілі. Бұл ретте саусақ бірікпей, ине ілікпейді. «Сондықтан барлық ел жұдырықтай жұмылу қажет деді», - БҰҰ Бас Хатшысы Антонио Гутерриш. Сессияға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға арнайы бейне үндеу жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Коронавирустың экономикалық және әлеуметтік салдары әлі де ауыр. Жұмыссыздық белең алып, миллиондаған адам күнкөріс табысынан айырылды. Қазіргі таңда 130 миллионнан астам адам кедейлікке ұшырады. Даму бағытындағы ондаған жылғы прогресс құрдымға кетуі мүмкін. Вакцинаны тең әрі әділ бөлуден бастау қажет. Қазақстан өзінің QazVac вакцинасын сәтті шығарды. Тағы екі вакцина әзірленіп жатыр. Бұл вакциналарды екіжақты негізде немесе COVAX жүйелері арасында бөлісуге дайынбыз.
Мемлекет басшысы Ауғанстандағы гуманитарлық жағдайға да тоқталды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің келіссөздер жүргізу арқылы бейбітшілікті орнату идеясын қолдайды. Ауғанстанға көмек көрсету бойынша Алматы қаласында арнайы хаб құру бастамасы – соның айқын дәлелі. «Қиындыққа қарамастан ауған халқына қолдау көрсету керек», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Ауғанстанның болашақта бірлігі жарасқан және көршілерімен тату тұратын тәуелсіз әрі егемен мемлекет болғанын қалайды. Ауғанстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастырып, ел аумағын террористер, есірткі тасымалдаушылар мен адам саудасымен айналысатындардың ошағына айналдырмауы тиіс. Саяси көзқарасымызға қарамастан ауған жұртынан теріс айналмауымыз керек. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін тасымалдау алаңын ұсынуға дайынбыз. Алматыда БҰҰ-ның Аймақтық хабын құру жөніндегі бастамамыз осы маңызды міндетті атқаруға үлес қоса алады. БҰҰ-мен, көршілес елдермен, ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз.
Жоғары деңгейдегі жиын 28 қыркүйекке дейін жалғасады.
Авторы: Талғат Алманов