Үкімет басшысы Ақмола облысындағы көктемгі егіс жұмыстарының барысын тексерді
Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Олжас Бектенов көктемгі егіс жұмыстарының барысын тексерді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесіп, өңірдегі ірі кәсіпорындарды аралады. 2024-2026 жылдары өңірде 74 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Премьер-Министр жобалардың уақтылы іске асырылуын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Ақмола облысы – аграрлы аймақтың бірі. Елімізде өсірілетін бидайдың 25% осы өңірге тиесілі. Биыл жерглікті диқандар 5 миллионнан астам алқапқа дән себуді көздеп отыр. Сондықтан Үкімет басшысы алдымен көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Қазір өңірде егіс науқаны басталды. Диқандар бүгінге дейін 500 мыңнан астам жерді игеріп үлгерген. Мемлекеттік қолдауға да ие болғандарын айтады.
Ерлан Тоқанов, серіктестіктің бас директоры:
-Тұқым қоры жеткілікті. Арзандатылған жанар-жағармай да алдық. Қазіргі уақытта 4 мың гектарға жуық алқапқа күнбағыс пен мың гектардан астам жерге дәнді-дақылдар себілді. Егу алдындағы өңдеу жұмыстары да жүріп жатыр.
Үкімет басшысымен кездесу барысында шаруалар субсидициялауға қатысты сауалдарын жолдады. Олжас Бектенов диқандарға жеңілдетілген несие беріп, қажетті техникамен толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Қазіргі уақытта 580 млрд теңге бөлінді. Оның 400-і ешқандай делдалсыз беріледі. Дизель отынымен де көмектесеміз. Мемлекет тарапынан барлық қолдау жасалады.
Премьер-министр Макинск қаласындағы құс фабрикасына да барды. Жыл басынан бері мұнда 20 мың тоннаға жуық ет өндірілген. Қазір фабрика өз өнімдерін ішкі нарықтан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейге экспорттайды. Олжас Бектенов Көкшетаудағы жылу қазандығының жұмысымен де танысты. Жалпы шаһардағы жылы желілері 43% ескірген. Ал оны жаңартуға 9 миллиардан астам қаржы қажет. Осы мақсатқа Үкіметтен қосымша 816 млн теңге бөлінді.
Бауыржан Ғайса, Көкшетау қаласының әкімі:
-Бұл бізге екі бу қазандығын жөндеуге мүмкіндік береді. Қаладағы ескі жылу желілерін де жаңартамыз. Жалпы осы жөндеу жұмыстарын жүргізу апаттық жағдайды азайтуға және жылыту маусымында халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Аталмыш нысан 1998 жылы пайдалануға берілген. 56 мыңнан астам халықты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан Үкімет басшысы жөндеу жұмыстарына алдағы уақытта тағы қосымша қаржы бөлінетінін атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Алдағы уақытта тағы қаржы бөлуге тырысамыз. Бізде Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларының жылу желілерін жаңғырту туралы жоспарымыз бар. Соған сәйкес жұмыс жүргізіледі.
Ал Көкшетаудағы мына зауыттан жылына 90 миллион дана кірпіш шығады. Зауытқа арнайы ат басын бұрған Олжас Бектенов ондағы материалдық базамен танысты. Соңғы бір жылда өнім көлемі 16% артқан. Сапар соңында Үкімет басшысы шаһардағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауытқа барды. Алып кәсіпорын жылына 1 мың дана заманауи трактор мен комбайн құрастыруға қауқарлы. Сапар соңында Олжас Бектенов жергілікті билік өкілдеріне аймақ экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жасау қажеттігін тапсырды. Президент қойған айтулы мақсаттар мен тапсырмаларды орындауға басымдылық берілуі тиіс.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный