Мәжіліс Каспий теңізін ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялады
Сондай-ақ су аумағына келетін зиянды заттардың көлемі туралы ақпарат базасы құрылады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қоршаған ортаны қорғауға азаматтық қоғамды жұмылдырудың ашық механизмдері қажет екенін алға тартты. Хаттама ережесіне сай, әр тарап азаматтар үшін теңіз жағдайы туралы мәліметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тиіс. «Жер қойнауын пайдаланушылардың кен орнын өңдеуге кіріскен кезінен бастап, оған қатысты экологиялық шаралар жоспары туралы ақпарат халыққа міндетті түрде жариялауға тиіс», - деді Мәжіліс Спикері.
Мәжілісте Каспий теңізінде биологиялық алуантүрлілікті сақтау туралы келісім де мақұлданды. Оған сай балық пен су жануарлары және өсімдіктердің рұқсатсыз аулануына тыйым салынады және кен пайдаланушылар қызметінен келетін ластану көлеміне қатысты ғылыми зерттеу үнемі жүргізілуге тиіс.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Депутаттар Каспий теңізін қорғауға азаматтық қоғамның да тартылуын дұрыс деп санайды. Халық мемлекеттік органдарға немесе жер қойнауын пайдаланушыларға барып, экология туралы ақпарат іздеп сабылмауы керек. Ол ақпаратты қолжетімді ету – Экология министрлігінің тікелей міндеті. Әлеуметтік желіде не болмаса арнайы сайтта кен өндірушілердің келесімшарттарында көрсетілген экологиялық міндеттемелер жайлы толық әрі шынайы ақпарат болуға тиіс.
Мәжіліс депутаттары қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатты халықаралық тәжірибені ескере отырып, депутаттардың өздері әзірлеген болатын. Оған сай лауазымды тұлғалар мен оның туыстарының қаржылық операциялары бақылауда болады. Олардың тізімін Президент бекітеді. Сондай-ақ мүлікке қатысты келісімдердің көлемі 50 миллион теңгеге жетсе, оның иесі тексеріске алынады. Бұған дейін оның шегі 200 миллион теңге еді. Депутаттардың ойынша бұл дәл осы мүлікке қатысты күмәнді операцияларды азайтады.