Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Банк президенті Масацугу Асакавамен бейне байланыс арқылы тілдескен Мемлекет басшысы аталған қаржы ұйымының Қазақстанның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Келер жылы Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы серіктестіктің жаңа Стратегиясы әзірленеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысқа зор мән беру керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:
- Азия даму банкінің Қазақстанға қатысты жаңа Стратегиясында біздің ұлттық басымдықтарымыз бен жоспарларымыз толық ескерілетініне сенімдімін. Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі, экономиканы әртараптандыру және жасыл экономикалық өсім мәселелері де қамтылады деген ойдамын.
Масацугу Асакава, Азия даму банкінің президенті:
- COVID-19 індетіне қарсы бағытталған күш-жігерлеріңіз туралы хабардармын. Үкіметтеріңіз белсенді шараларды жүзеге асырып, вирустың өршуін тежеу үшін нақты шешімдер қабылдады. Пандемия салдарын жеңілдету мақсатында ішкі жалпы өнімнің 9,5% дағдарысқа қарсы шараларға бағыттағандарыңызды қолдаймын.
Мұнай газ саласының алыбы саналатын ресейлік «СИБУР Холдинг» компаниясы біздің елдегі бірқатар жобаларға қатысуға дайын. Атап айтқанда, полипропилен мен полиэтилен өндірісін бірлесіп іске асыруға ниетті. Компания басшысы Дмитрий Конов Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Аталған салада ынтымақтастық орнатуды Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдап отыр. Көмірсутегін сапалы өңдеу Қазақстанның мұнай-газ саласындағы басым бағыттарының бірі екенін айтты. Екі тараптың бірлескен жобалары Қазақстан мен Ресейдің серіктестігіне тың серпін береді деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Ресупбликасының Президенті:
- Қазақстан Үкіметі менің тапсырмам бойынша жобаларды іске асыруға жан-жақты көмек көрсетеді. Біз іс жүзінде нақты нәтижеге қол жеткізуге тиіспіз. Жуырда өткен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық форумында Владимир Путин екеуміз экономикалық ықпалдастық мәселелерін мұқият зерделеуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге келістік.
Дмитрий Конов, «СИБУР Холдинг» компаниясының басшысы:
- Қазақстанда полипропилен өндіру жобасы бойынша жақсы база қалыптасқан. Оның құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі кезеңде кадрларды даярлауға мән беріп отырмыз. «ҚазМұнайГаз» компаниясының 100-ге жуық қызметкері дайындықтан өтті. Бұл жұмысты жалғастыра береміз.
Қыркүйек айында жылдық инфляция 8,9% өскен. Айлық инфляцияның артуына ақылы қызметтер, соның ішінде білім беру және тұрғын үйлерді жалға алу салалары әсер етіп отыр. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Президентке ақша-несие саясатының жүзеге асырылу барысы жайында баяндады. Экономиканы пандемияға дейінгі деңгейге жеткізу үшін Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, инфляцияға қарсы кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Бас банкирдің сөзіне сенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы тамызбен салыстырғанда 9,5% төмендеген. Кездесуде валюта нарығындағы ахуал да айтылды. Президентке алтын-валюта резервтері, Ұлттық қордың активтері және Ұлттық төлем жүйесін дамыту туралы мәлімет берілді.