Сеулдегі сексен келісім. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы мемлекеттік сапардың басты нәтижесі – құны 19 миллиард доллар болатын 80 коммерциялық келісімнің жасалуы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары нақты нәтиже берді.
Сағыныш Әбікей, тілші:
- Жоғары жылдамдықты интернет, робот-көмекшілер, мінсіз жұмыс істейтін метро жүйесі және Lotte World Tower сияқты бұлттармен тілдескен зәулім үйлер қаланың инновациялық қуатын көрсетеді. Мұнда өмір сүру ағымы өте жылдам, әр секунд санаулы. Халқы 10 млн-нан асатын Сеул – өткен тарих пен жарқын болашақ тоғысқан заманауи мегаполис. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Ли Чжэ Мёңмен жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық серіктестігін заманауи бағытта нығайтпақ.
Көк үйдегі кездесуге бармас бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Корея Республикасының Премьер-министрімен кездесу өткізді. Хан Сон Сук – ел үкіметін басқарған 50-ші премьер, әрі екінші әйел адам. Премьер-министрге Alatau City ақылды қаласы таныстырылды. Жобамен мұқият танысқан ол «жобаны дамытуда Корея Қазақстанның серіктесі бола алады» деген ойын жеткізді. Әрине, ақылды қала салуда Кореяның көмегі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Корея Қазақстанға 12 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді корей капиталының үлесі бар мыңнан аса компания жұмыс істейді. Біз қарым-қатынасымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеріп, достық әрі серіктестік байланыстарды барынша нығайтуға ниеттіміз. Бүгінгі сапар осыған дейінгі жетістіктерімізді түйіндеп, өзара ықпалдастыққа тың серпін беруге орайлы мүмкіндік беріп отыр.
Ал бұл қазақ-корей дөңгелек үстелі. Қасым-Жомарт Тоқаев сөз барысында корей кәсіпкерлерінің 3 ерекшелігін атап өтті. Олар: ширақ әрі батыл қимылдайтыны, жоғары адамгершілігі әрі Қазақстанға деген сыйластығы. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 3 млрд доллардан асқан президенттің пікірінше, бұл көрсеткішті еселей түсуге әбден болады. Оған негіз де жоқ емес, бұл жолғы сапарда Сеулде 80 келісімге қол қойылды.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- 80 мәмілелерге қол қоятын боламыз. Жалпы инвестициялық көлемі 19 млрд доллар құрайтын болады. Оның ішінде энергетика саласында біздің еншілес компаниямыз QazaqGaz Hyundai Engineering-пен газ өндіру Карашағанақ газ орнында газ өндіру зауытын салатын болады. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Толыққанды газ өндіру зауытын екі мың отызыншы жылына дейін іске қосатын боламыз. Инвестициялық құны 6 млрд доллар құрайды. Одан басқа мұнай өңдеу Павлодар зауытының қуаттылығын 5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыратын боламыз. Бұл мәмілені біздің еншілес компаниямыз «ҚазМұнайГаз» Samsung компаниясымен жүзеге асыра-асыратын болады. Одан басқа, Alataу UEC бойынша сирек және критикалық металдар салаларында мәмілелерге қол қоятын боламыз.
Күн тәртібіндегі ортақ мәселе – көлік және логистика саласы. Қазақстан президентінен ұсыныс: бірлескен логистикалық кәсіпорын құру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орта дәліздің дамуына Кореяның да үлес қосар кезі келді деп ойлаймын. Қазақстан елімізде заманауи логистикалық орталықтарды, мультимодальді терминалдар, қойма кешендері мен жеткізу тізбегін басқаруға арналған цифрлық шешімдерді дамытып жатқан CJ Logistics және LX Pantos секілді кореялық логистика компаниялардың қадамын құптайды. Аталған жұмысты ілгерілету үшін жаңа логистикалық жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға көмектесетін, сондай-ақ кореялық жүктердің еліміздің аумағы арқылы кедергісіз тасымалдануын қамтамасыз ететін Қазақстан-Корея бірлескен кәсіпорнын құруды ұсынамын.
Бекнұр Местепаев, Astana Motors компаниясының бас директоры:
- Осы Сеулде біз төрт келісімшартқа қол қоямыз деп отырмыз. Бірінші келісімшарт — Hyundai Motor Company-мен. Оңтүстік Корея компаниясымен келісім бойынша Hyundai Tucson жаңа моделін шанақты дәнекерлеу және бояу әдісімен біздің Astana Motors-тың Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шығаратын боламыз. Соған қоса, Yongsan Glanet компаниясымен біздің бірлескен кәсіпорнымыз бар. Ол жерде біз автокөліктердің орындықтарын шығарамыз. Сол орындықтар бойынша қазақстандық үлесті көбейтуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, орындықтардың қаптамасын Қазақстанда тігетін боламыз. Сонымен қатар, Yongsan Glanet компаниясымен бірлесіп, дыбыс сөндіргіштерді Алматыда шығаратын боламыз. Үшінші келісімшарт — Motrex компаниясымен. Бірлесіп, осы автокөліктердің еденіне арналған кілемдерін Қазақстанда шығаратын боламыз. Және THN Corporation деген оңтүстіккореялық компания бар. Ол дүние жүзінде Hyundai және Kia автокөліктеріне арналған сымдар жиынтығын құрастырып шығарады. Сол THN компаниясымен Astana Motors Алматыда бірлескен кәсіпорын ашатын боламыз. Сол жерде автокөліктерге арналған сымдар жиынтығын шығаратын боламыз.
Әуелі экономика, сосын саясат. Сапар осындай тәртіппен өрбіді. Кәсіпкерлермен келісіп алған соң Президент Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёнмен мәміле жасау үшін Көк үйді бетке алды.
Мемлекеттік сапар – дипломатиялық қарым-қатынастың шыңы. Бәрі мінсіз өтуі тиіс, солай болды да.
Сосын тағы келіссөздер, әуелі шағын, сосын кеңейтілген құрамда. Айтылған әңгіменің ауаны анық. Қазақстан мен Корей саясатта стратегиялық серіктес, экономикада тиімді әріптес болуға мүдделі. Осы сапар барысында ақ құны 19 миллиард доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
Авторы: Сағыныш Әбікей