Қ. Тоқаев АӨСШК Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысып жатқан делегация басшыларымен кездесті
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI мерейтойлық саммиті біздің елде өтеді. Жиынның тақырыбы «Жаңа Әлемдегі Жаңа Азия» деп аталады. Сол жиынның дайындығы елордада Сыртқы істер министрлері деңгейінде бір пысықталды. Отырысқа алыс-жақын шетелден арнайы келген делегацияның басшыларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қабылдап, тақырып төңірегінде әңгімелесті.
Азия аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін беделді бір ұйым бар. Ол – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Құрамына 27 мемлекет мүше. Бұл мемлекеттер Азия құрлығының 90% аумағын алып жатыр. Диалог алаңына жиналғанда қауіпсіздік пен өзара байланысты нығайту мәселесін талқылайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен құрылған кеңеске алдыңғы жылдары Тәжікстан төрағалық еткен болатын. Былтыр оны бізге тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз аталған кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдырудың бірқатар стратегиялық басымдықтарын айқындадық. Кеңестің халықаралық ұйымға қажетті барлық элементтері, атап айтқанда негізгі құжаттары, басқарушы және жұмыс органдары, оперативтік бюджеті мен тұрақты хатшылығы бар. Ұсынылып отырған трансформация жаһандық істерді реттеудегі Азияның жаңа рөлін көрсетеді.
Қазір әлемдегі жағдай күн сайын құбылып тұр. Азия құрлығы сол геосаяси күрестің басты алаңына айналды. Ауғандағы ахуал аймақтағы барлық елдің бас ауруына айналып отыр. Олар «Елде қалған әскери техниканы жойқын мақсатта қолдануға жол бермеу керек», – дейді.
Субраманиям Джайшанкар, Үндістан Сыртқы істер министрі:
- Біз Ауғанстан билігінің терроризмді қолдамайтынына және инклюзивті үкіметті дамытатынына көз жеткізуіміз керек. Бізде ең басты мәселе осы.
Осындай аумалы-төкпелі сәтте Кеңеске жүктелген негізгі міндет біреу – елдердің бір-біріне деген өзара сенімін күшейту, жанжалдарды алдын алу. Президент бұл мақсатта арнайы құжат әзірленгенін айтты. Ол тек саяси емес, эпидемиологиялық, ақпараттық қауіпсіздікті, терроризммен күрес мәселелерін қамтиды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орталық Азияның бес мемлекеті Ауғанстанның қалыпты жағдайға оралуына аса мүдделі. Қазақстанның ұстанымы айқын. Бізге Азиядағы үлкен ойын емес, үлкен пайда қажет. Бірыңғай және сындарлы тәсіл ұсынып, өзімізге зор жауапкершілік пен міндет жүктеген жағдайда Азия XXI ғасырдың көшбасшысы болатынына сенімдімін. Бұл ретте біздің ұйым Азиядағы қауіпсіздіктің, ынтымақтастық пен ортақ өркендеудің негізін қалыптастыра алады деп үміттенеміз.
Жаһандағы жалпы ішкі өнімнің тең жартысы осы Азия мемлекеттеріне тиесілі екен. Әлем халқының 60% де Азияда. Аймақ ғаламдық тартылыс күшіне айналып отыр. Тіпті пандемияның өзі Азия елдерінің әлемдегі орнын бекемдеп алуына жаңа мүмкіндік туғызып отырғандай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы құрлықта өте қуатты Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы және Жан-жақты аймақтық экономикалық әріптестік ұйымдары жұмыс істейді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдердің экономикасын нығайту үшін жоғарыда аталған ұйымдармен ынтымақтастық орнатуға ерекше көңіл бөлген жөн деп ойлаймын.
Азияны алаңдататын мәселе аз емес. Мысалы, бүкіл әлемдегі табиғи апаттардың 40% осы аймақта болады. Аймақ халқының 84% оның зардабын тартып отыр. Кеңес осы мәселені шешуді қарастыру керек. Әйтпесе ауа райының жиі аймақтағы азық-түлік пен су қауіпсіздігіне зардабын тигізуі әбден мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан – азық-түлік тасымалдау бойынша жаһандық тізімдегі белсенді елдің бірі әрі Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болған мемлекет. Сондықтан кеңес өзінің күн тәртібінде осы мәселелерге басымдық беруі керек. Бұл әсіресе пандемиядан кейінгі кезеңде өте маңызды.
Президент кеңеске мүше елдермен технологиялық серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Қазақстан еуразиялық кеңістіктегі қаржы нарығында маңызды рөл атқаратын елге айналып келеді. Осы ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығын айтуға болады. Қазіргі уақытта бұл Орталық әлемдік институттардың озық тәжірибелерін ұштастыратын және ағылшын құқығына негізделген заманауи құралдарды пайдаланатын қарқынды қаржы алаңына айналды. Сондықтан сіздерді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндігін белсенді пайдалануға шақырамын.
Ал Ақсақалдар кеңесінің басшысы лауазымына осы ұйымның негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Қазақстанның кеңеске төрағалығын тағы екі жылға созуды сұрады.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:
- Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысын оңтайландыру үшін нақты қадамдар жасап жатыр. Сондықтан алдағы үш жыл бойы кеңестің төрағасы лауазымына үміткер болу туралы шешімін құптаймыз. Бұл үш жылдың да жемісті боларына сенімдіміз.
Егер еліміздің кандидатурасы мақұлданса, Қазақстан тарапы: «Ұжымдық күш-жігерді нығайтуға күш саламыз», – деді.
Авторы: Шынар Асанқызы