ҚР Президентінің Түрікменстандағы мемлекеттік сапары жалғасуда
Мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөлді. Қазақ пен түрікменнің ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жаһандық және аймақтық күн тәртібіндегі проблемаларға тоқталды.
Таңғы сағат сегіз. Гурбангулы Бердімұхамедовтың «Оғызхан» резиденциясының маңында ерекше қарбалас. Мәртебелі мейманды күтіп алуға жиналғандар абыр-сабыр күйге түскен. Саптағылар сақадай сай болғанда Гурбангулы Бердімұхамедовтың өзі төбе көрсетті. Салтанатты шараға көтеріңкі көңіл-күймен келгені көрініп тұр. Екі ел Президенті бұған дейін бірнеше рет кездескенімен, бұл жолғысының жөні бөлек. Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадқа алғаш рет мәртебесі жоғары Мемлекеттік сапармен келіп отыр.
Ақалтеке жылқысын түрікмендер «ұлттық бренд» деп санайды. Сондықтан Ашхабадтың орталық көшесіне ақалтеке мінген сарбаздар тек маңызды шара кезінде сап түзеп шығады. Қазақстан Президенті мінген көлікті жиырмаға жуық сарбаз көше бойымен алып жүрді. Сағат тілі тура 10-ды соққанда Президент отырған ақ кортеж тәуелсіздік алаңына келіп тоқтады.
Бұл – Президент оркестрі. Кәсіби шеберліктерінде сөз жоқ. Бірақ мәртебелі меймандар келгенде оркестрге қойылатын талап еселене түседі. Бүгін оларға Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындау үлкен сын. Бірақ міндетін мінсіз алып шықты.
Қазақ пен түрікменнің діні де, тілі де, тамыры да бір. Шекарасы да ортақ, сондықтан Қазақстан оны өңірдегі маңызды әріптесі әрі одақтасы деп санайды. Бүгінге дейін қос президент бірнеше рет телефон арқылы сөйлесті, бетпе-бет те жүздесті. Ал бұл жолы Гурбангулы Бердімұхамедовтың арнайы шақыруымен тағы келіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қасиетті түрікмен топырағына табанымыз тиген сәттен бастап шынайы ниеттеріңізді көріп, бойымызды ерекше сезім биледі. Түрікмендер – бізге бауырлас халық. Шекарамыз да ортақ. Біздің де Түрікменстан халқына деген ниетіміз таза. Халықтарымыз арасындағы достықтың тамыры да тереңде жатыр. Мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелесін өзім жеке қадағалап отырамын. Бұл – біздің саясатымыздың басым бағыты. Біз бұрынғыша халықаралық аренадағы белсенді байланысымызды жалғастыра береміз. Түрікменстанның «бейтарап ел» мәртебесіне зор құрметпен қараймыз.
Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Республикасының президенті:
- Біз сіздің мемлекеттік сапарыңызға ерекше мән беріп отырмыз. Түрікмендер мен қазақтардың рухани-тарихи байланыстары тереңде жатыр. Сондықтан біздің қарым-қатынасымыз – әрқашан тұрақты және сенімді. Бұл мемлекеттік сапарыңыз біздің туыстық әрі стратегиялық екіжақты қатынастарымызға тың серпін берері сөзсіз. Халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтқым келеді.
Жыл басынан бері Қазақстан мен Түрікменстан 100 млн АҚШ долларының тауарын алмасыпты. Екі ел бірінде жоқты бірі толықтырып отырады. Біз көбіне тоқыма бұйымдары мен цитрустық жемістерін аламыз. Түрікменге астық, қара металл, минералды тыңайтқыш жөнелтеміз. Статистикаға қарасақ, Ашхабадтан алғанымыздан гөрі бергеніміз көп екен. Жыл басынан бері 69 млн доллардың тауарын сатып, 31 млн доллардың тауарын импорттаппыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаһандық пандемияға байланысты екіжақты тауар айналымы біршама төмендегенімен, биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттықтың өсімі 30%-тен асқаны байқалады. Әрине, бұл біздің мүмкіндіктеріміздің шегі емес. Сонымен қатар энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары бойынша өте мол резервіміз бар.
Қазіргі уақытта Ақтау және Түрікменбашы порттары арасында контейнерлік қатынас орнату күн тәртібінде тұр. «Жүк тасымалын арттыру үшін экспорт кезіндегі баға тарифін тиімді ету керек», – дейді президенттер. Түрікменстанға тасымалданатын өнімдерді ұлғайтуға да Қазақстан дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл міндетті орындай алатынымызға сенімдімін. Атап айтқанда, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе ұн мен бидайды нарықтық баға бойынша өзара тиімді тасымалдау ісін арттырудың перспективасы бар екенін көріп отырмыз. Бұған дейін Қазақстан түрікмен тарапымен арадағы уағдаластық бойынша қол жетімді бағада бидай экспортын бастаған.
Қазір азық-түлік тапшылығы әлемдегі басты сын-қатердің үштігіне кіреді. Сондықтан орталық Азия елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда жұмылған жұдырықтай болуы маңызды. Биыл Түрікменнен келген импорттың тең жартысы азық-түлік өнімдері екен. Ендігі мақсат – соны еселей түсу.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Сауда министрлігі талдау жасап отырады. Мысалы, Түрікменстан әлемге қандай тауарды экспорттайды, қандай тауарды импорттайды, сол бойынша біз талдау жасадық. 60 пунктен тұратын 130 млн долларға потенциалы бар тізімді әріптестерімізге бердік.
«Оғызхан» сарайының Селжук хан залы. Келіссөздердің негізгі өзегі болған мәселелер қағазға басылып, осы жерде қол қойылады. Президенттердің кеңейтілген құрамдағы кездесуінен кейін дәл осы залда бас-аяғы 20 құжатқа қол қойылды. Сүбелісі – сауданы дамыту, көлік қатынасын реттеу, Каспийдегі балық аулау аймақтарын бөлу мәселесі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көлік-транзит саласы бойынша «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» магистралін толық іске қосу күн тәртібінде тұр. Тасымалданатын жүк көлемін арттыру үшін елдеріміздегі тарифтік саясатты оңтайландырып, жүк тасымалына қойылатын талаптарды жақсарту қажет. Каспийдегі Ақтау, Құрық және Түрікменбашы айлақтарының арасындағы логистикалық ықпалдастық бойынша зор мүмкіндік бар.
Кездесу соңында Түрікменстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты мемлекеттік награда «Битараплық» орденімен марапаттады.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Ашхабадты түрікмендердің өзі «мәрмар қала» деп атайды. Өйткені 500-ден астам ғимарат міне, мынандай аппақ мәрмармен қаланған. Осы ерекшелігіне байланысты бұл қала Гиннестің рекордтар кітабына еніп отыр. Әрине, қала салу, ғимарат көтеруден біздің де тәжірибеміз аз емес. Бірақ Президент: «Бауырлас елден үйренер бір нәрсеміз бар», – деді. Біріншісі, құрылысты сапалы жүргізу және тазалық мәдениетін қалыптастыру.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Алмас Омарғалиев