Қ. Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы мен Қорғаныс министрін қабылдады
Агенттік басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы пирамидаларын жабу жөнінде жүктеген тапсырмасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі 15 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқан. Зардап шеккендерге 2,3 миллиард теңге қайтарылды.
Бұдан бөлек, көлеңкелі экономикаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде 490 іс қозғалғаны айтылды. Президент қылмыстық жолмен түскен табыстарды жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға берді.
«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы шетелден қару-жарақ пен техника сатып алудан бөлек, отандық қару-жарақ үлгілерін әзірлеуге, инфрақұрылымды жетілдіруге, әскерді цифрландыруға байланысты міндеттерді орындауға мүмкіндік береді. Маңызды құжаттың мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының қабылдауында болған Қорғаныс министрі осылай деді.
Мұрат Бектанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қарулы Күштерді заманауи техникамен жабдықтау және қоймадағы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігі туралы баяндады. Министрдің мәлімдемесін мұқият тыңдаған Президент еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.