Қ. Тоқаев: түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек
Ыстамбұлда қазақ, түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек, түрікмен, мажарстан басшылары бас қосты. Тараптар саммиттің алдында көне шаһарда Түркі Кеңесі Хатшылығының жаңа кеңсесін ашты. Ал саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ағайынды елдер құрылымының ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті. «Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл бәріміз үшін маңызды», - деді.
Ұйымға бақылаушы мемлекет ретінде Түрікменстан қосылды. Болашақта да аталған құрылым қатарына байқаушы және серіктес ретінде бірқатар ел қосылмақ. Бұл Түркі әлемін дамытуға тың серпін береді. Бірлестік ендігі арада, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық мәселелерге баса мән бермек.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:
- Пандемияға қарсы бірлескен күресіміз – күллі дүниеге үлгі. Сондай-ақ әрбіріңіздің қолдауыңызбен әзірленген бірлестігіміздің 2040 жылға дейінгі стратегиясын қабылдаймыз. Бізге экономикалық және сауда ынтымақтастығын нығайту керек. Қазір түркі елдерінің жалпы сауда көлемі 21 млрд доллар шамасында. Бұл бүкіләлемдік сауда көлемінің 3%. Межені 10% жеткізу қажет. Мен сауда жолдарын жеңілдету стратегиясына қол қоюға ерекше мән беремін. Құрлық, әуе, теңіз жолдары арқылы бір-бірімізбен тығыз байланыста болмасақ, қалаған нәтижеге жете алмаймыз.