Мемлекет басшысы бірқатар маңызды кездесу өткізді
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және отын-энергетикалық қатынастар мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, көлік және логистика салаларын дамыту, вакциналау паспорттарын өзара мойындау жайы да пысықталды.
Сонымен қоса Мемлекет басшысы Қалмақ Республикасының басшысын қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бату Хасиков Қазақстан аймақтарының Қалмақ елімен өзара ықпалдастығын дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктері қарастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бату Хасиковтың Республика басшысы лауазымында, табысқа жете беруіне, тілектестік білдірді.
Ал «Лукойл» компаниясының президенті Вагит Алекперовті қабылдаған Президент көмірсутегі секторындағы бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылуы жайын сұрады. Таяуда «ҚазМұнайГаз» бен аталған компания Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз» ірі жобасының негізгі қағидаттары туралы келісімге қол қойған болатын. Кездесу барысында «Хвалынское» кен орнын игеру жайы да сөз болды. Жалпы Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» компаниясымен серіктестіктің даму барысына көңілі толатынын айтты.