Президент сапары Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты бекіте түспек
Біздің елдегі сауданың шамамен 40% осы Еуроодақтың еншісіне тиесілі. Бұл көрсеткіш өткен қиын жылдың өзінде 20 миллиард еуроға жеткен. Бұл жайында біздің тілшілерімізге Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің өкілі Люк Девинь айтып берді.
Қазақстан мен Еуроодақтың білім саласында да берік байланысы бар. Мысалы, 3 мың қазақстандық жас Еуроодақ шеңберінде білім алса, 500 еуропалық студент Қазақстанда оқыды. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапары ынтымақтастыққа деген ынтаны нақты шешімдермен бекіте түседі», - деп сенеді сарапшылар.
Люк Девинь, ЕСБҚ Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша басқарушы директорының орынбасары:
- Өткен жылы қабылданған Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы «Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық» туралы келісім бізге үлкен мүмкіндіктер береді. Бұл – саяси және экономикалық аспектілер, көлік, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамыту. Біз сіздердің елдеріңіздегі бизнес-ахуалдың жақсарғанына қанықпыз, сондай-ақ Қазақстанның Ауғанстандағы ахуалды реттеудегі рөлін жоғары бағалаймыз. ЕО-да ауған әйелдеріне білім беру жөніндегі Қазақстанмен және Өзбекстанмен ынтымақтастық бағдарламасы бар. Бұл өте маңызды және біз осы бағытта одан әрі жұмыс істегіміз келеді. Қазақстан БҰҰ-ның өңірлік хабын құрып, Ауғанстанға азық-түлік жеткізеді. Қазақстанның мұндай салмақты әрі жаһандық шешімін біз бағалаймыз әрі қолдаймыз.
Естеріңізге сала кетейік, Бельгияға ресми сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдіктің жоғарғы басшылығымен, сондай-ақ Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишельмен және Еурокомиссияның Президенті Урсула Фон дер Ляйенмен кездеседі. Тараптар жаһандық және өңірлік мәселелерді, сондай-ақ ЕО пен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастарды талқылайды.