Қ. Тоқаев: Қазақстан вакциналардың әлемде әділ таратылуын қолдайды
Қазіргі таңда жер жаһанның сан түрлі мемлекетінен оны өндіру жөнінде ұсыныс түскен. Соның бірі – Швейцария тарапынан жасалды. Бұл мемлекет отандық екпені мемлекеттік деңгейде тіркеп, әрі қарай Еуропа, Оңтүстік Америка және Африка елдеріне тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцария сапары аясында белгілі болды.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Оңтүстік Африка елдерінде қайта буырқанған вирус Еуропаны тағы қыспаққа алды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыдан бірер күн бұрын пайда болған коронавирустың жаңа штамын «ең қауіпті» деп атады. Елдер карантиндік шараларын қатаңдатып, Африкамен қатынасты уақытша үзе бастады. Омикронның неғұрлым жұқпалы екені белгілі. Енді вакциналардың онымен күресте қаншалықты әлеуетті екенін білу міндеті тұр. Осы мәселені анықтамақ ниетте ғалымдармен қатар бірқатар әлемдік саясаткер Женевадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаб-пәтеріне жиналды. Солардың ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Президент ресми сапарын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның Женедағы штаб-пәтерінен бастады. Ең алдымен елдегі пандемияға қарсы күрес мәселелері сөз болды. Тараптар коронавирустың жаңа штамы – Омикронмен күресте әрдайым бірге болу керектігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау жүйесіндегі екі маңызды – алғашқы медициналық көмек пен денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен халықты жаппай қамту бағыттарын біріктіру туралы ұсыныс айтты. Бастама екінші тараптан қолдау тапты.
Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – сенімді серіктес. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тедрос Гебрейесустың бірін-біріне деген құрметінен байқауға болады. Ұйым басшысы Қазақстан Президентін тағы бір маңызды жиынға мейман етті. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ассамблеясының арнайы сессиясы. Ұйым тарихында екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған пандемияның қайта күшеюі және бұдан да үлкен қарқынмен таралу қаупі себеп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қоғамдық денсаулық сақтау жолындағы осы аса күрделі жаһандық күресте жетекші рөл атқарды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі және олардың денсаулық сақтау жүйелері ауыр жағдайды бастан өткерді және қиындық әлі де жалғасып жатыр. Коронавирустың жаңа әрі қауіпті штамдары әлем бойынша тез тарала бастағандықтан, алдағы апталарда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны айтарлықтай өседі. Жуырда Оңтүстік Африка ғалымдары анықтаған «Омикрон» штаммы жаңа қауіп төндіріп отыр.
Президент мұндай әлемдік деңгейдегі ұйымдарды басқаруда тәжірибесі мол. Біріккен Ұлттар ұйымының Женевадағы өкілдігіне жетекшілік еткен жылдары жаһан жұртын алаңдатқан мәселелерді талай рет мінберден көтерген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы коронавирусқа қарсы вакцинаның жер бетінде әділ бөлінуі қажеттігін ұсынды. Пандемия кей мемлекеттердің денсаулық сақтау саласындағы әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Сондықтан вакцинасы жоқ елдерге де көмек қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі пандемия денсаулық сақтау саласындағы ерекше төтенше жағдай болып саналмайды. Дағдарыс мемлекеттердің және ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің ішкі құрылымдық кемшіліктерін көрсетіп қана қоймай, жаһандық деңгейдегі күрделі әрі қордаланған теңсіздіктерді айқындап берді. Сондықтан Қазақстан вакциналардың әлем бойынша әділ таратылуын қолдайды және оған белсенді түрде атсалысады. Біз 2022 жылдың ортасына қарай жаһандық вакциналауды қамтамасыз ету жөніндегі ДДСҰ-ның COVID-19 індетіне қарсы стратегиясын толық қолдаймыз.
Жиында көтерілген маңызды мәселенің бірі – отандық Qazvac вакцинасын Швейцарияда тіркеу. Бұл – кемі жарты жылда іске асырылатын шаруа. Әзірге тараптар меморандумға қол қойды. Келешекте швейцариялық компания қазақстандық екпені осы жерде өндіріп, Оңтүстік Америка, Африка, Еуропа елдеріне тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл келісімнің екі елге де берері мол.
Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:
- Бүгін біз инвестициялық форумға қатыстық. Бұл жерде М3 groupe деген Швейцариялық компаниямен келісімшартқа қол қойдық. Келісімшарттың аясында біз қазақстандық алғашқы Qazvac вакцинасын болашақта осы Швейцарияда тіркеу және Еуропаға, Африкаға және Оңтүстік Америкаға шығару мақсатында жұмыс жасаймыз.
Абдалла Шатила, «M3 GROUPE» холдингінің президенті:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан тіркеуде өткенін күтіп отырмыз. Аяқталысымен, бірден іске кірісеміз. Qazvac-ты өзімізде өндіретін боламыз.
Дей тұрғанмен, технология толыққанды елде қалады. Қазақстан қазір Qazvac-пен қатар вакцинаның жаңа түрлерін шығарып жатыр. Екінші QazCoVac-P вакцинасы клиникалық зерттеулер фазасына кандидат ретінде тіркелді. Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына QazVac екпесінің әзірленуі және оның жаңа «Дельта» штаммына қарсы сәтті модификацияланғаны жөнінде айтты. Қазақстандық вакцина өзінің тиімділігін елімізде ғана емес, Орталық Азияның басқа да мемлекеттерінде дәлелдеді.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ербол Дайыров