Елбасы Қазақстанның қарқынды дамуына даңғыл жол салып берді
Бұл күн Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы айтулы даталардың бірі. Өйткені 30 жыл бұрын дәл осы күні бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы Нұрсұлтан Назарбаев егемен елдің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Қазақстан халқы ел тағдырын Ұлт көшбасшысының қолына сеніп тапсырды.
Қазақстанда Тұңғыш Президент күні осымен 10 жыл қатарынан тойланып келеді. Елдің іргетасын қалаған тұлғаларды ардақтау, олар қызметке кіріскен күнді ұлттық мейрам ретінде тойлау өркениетті елдерде бар дәстүр. Өйткені кез келген елдің жеткен жетістігі оның көшбасшысы ұстанған саясатқа тікелей байланысты.
Алматыдағы Республика сарайының қабырғасына қашалып жазылған бұл сөздер Қазақстанның жаңа дәуірі басталғанынан хабар береді. Өйткені сол дәуірдің алғашқы парағы осы ғимаратта ашылып еді. 1991 жылы 1 желтоқсанда дәл осы жерде тәуелсіз Қазақстанның алғашқы президент сайлауы өтті. Саяси додада жеңіске жеткен Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі де Республика сарайының қабырғасында жүргізілді. Ол кезде Қазақстан бағыт-бағдары белгісіз мемлекет болып қалу-қалмауы екіталай ел еді. Тәй-тәй басқан жас мемлекеттің аяғынан тік тұруы үшін Елбасы аз тер төккен жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Пәтерлерді жылытатын жылу болмай, суық үйде тұрды. Жалақыға, зейнетақыға ақша жоқ. Дүкендер бос. Сондай жағдайдан бастадық. «Бұл Қазақстан мемлекет болмайды» дегенді мен талай естідім. Дегенмен мемлекет құрылды.
Мемлекеттің алдында сан алуан сын қатер тұрды. Халықаралық тұрғыда мойындалған мемлекеттік шекара мен Қарулы күштеріміз болмады. Реформаларды жүзеге асыратын ұлттық заңнама жоқ. Ауыл шаруашылығы тұралаған, қаржы-ақша жүйесі ыдыраған, демографиялық дағдарыс, әлем мемлекеттерімен байланыс атымен жоқ. Алайда осы сынақтар елді табысқа жетеледі. Еліміз Ұлы бетбұрыс кезеңіне аяқ басты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Шегенделген шекара болған жоқ. 14 мың жарым шекараны келіссөзбен бекітіп, БҰҰ-ға тапсырдық. Шекараның 1-2 километрі жері шешілмесе, ол ылғи төбелес, соғыс. Мені оны шешіп, шегендеп келер ұрпақтан бұл мәселені алып тастадым. Бұл өте үлкен табыс. Бүгінде Қазақстан экономикасының аумағы мына төрт ағайынды бірдей санасақ, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанды бәрін қосқанда екі есе көп.
Шекарадан бөлек, мемлекеттің басты нышандары саналатын төл рәміздеріміз, ұлттық валютамыз осы жылдары таңдалды. «Қазақстан-2030» стратегиясы өмірге келді. Бұл межеге 2012 жылы мерзімінен бұрын қол жеткізіп, Қазақстан экономикасы дамыған 50 елдің қатарына енді. Ендігі мақсат – озық отыздыққа қосылу.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Тәуелсіздікті алып, оны дүниеге паш ету бір бөлек, ал сол тәуелсіздікті сақтап қалу – одан да зор міндет. Біз елдігіміз бен егемендігімізді нығайтып, шекарамызды бекіттік. Бәсекеге қабілетті нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетімізді аяққа нық тұрғыздық.
Тұңғыш Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында бірыңғай көлік және энергетикалық жүйе құрылды. 7 мың шақырым автожол салынды, 2 мың шақырым инженерлік желі тартылды. Темір жол тораптары мен кеме қатынасы жанданды. Ал жалпыұлттық мақсатқа бастайтын «100 қадам» елдің бас жоспарына айналды. Құжат жаһандық тұрақсыздық жағдайында экономикалық өсімді ұстап тұруды, халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғауды көздеді. Жаһандағы жағдай мың құбылып тұрғанда ұлттық болмысыңды сақтап қалу да өзекті. Елбасының «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананың жаңғыруына әсер етті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Елдің сенімін арқалап, менің серіктестеріммен, замандастарыммен осы жылдардың ішінде 100 жылға татитын шаруаны атқардық. Оның бәрі елге мәлім. Осы жылдардың ішінде экономикамыз 20 ретке жақын өсті. Осы жылдардың ішінде 2 мыңға жуық аурухана, емхана, 1 500 мектеп, мыңға тарта балабақша салынды. Осының бәрі халықтың жағдайы, әл-ауқаты үшін. Халықтың саны өзгерді. Мысалы, 1991 жылы тәуелсіздікті жариялаған кезде Парламенттегі Жоғарғы Кеңес депутаттарының ішінде қазақтың саны 44% болатын. Қазақстанда да солай болатын. Бүгін қазақ Қазақстанда 70% жетіп қалды.
Қазақстан ұлтаралық келісімнің дара үлгісін көрсетіп берді. Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осының дәлелі. Оған қоса, Қазақстанның бастамасымен көзқарасы қабыспайтын, таным-түсінігі мүлде қиыспайтын дін басшылары үнемі бір үстелдің басына жиналып жүр. Бейбітшілік пен келісім сарайында бас қосатын олар діндер съезінен керісіп емес, келісіп аттанады.
Марат Башимов, сарапшы:
- 30 жылдағы біздің стратегиясмыз орынды болды, керек болды. Көпвекторлы дипломатия осындай нәтижеге жеткізді. Өзіміздің мемлекетте тыныштық болғанына қуанасың. Өйткені сіріңкені жағып жіберсе, мемлекеттер күйіп жатады. Сіріңкені жағып жіберсе, дінаралық келісім болмаса, күйіп жатады.
Қазақстандағы билік транзиті бейбіт түрде жүзеге асты, саяси сабақтастық сақталды. Әлем мойындаған білікті басшының бастамалары әрі қарай да сәтті жалғасып жатыр.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Билікті екінші Президентке беруді алдын ала Елбасы жоспарлап қойған болу керек. Ассамблеяны тапсырды. Бәрі кезек-кезегімен келе жатыр. Бұл да бір қазақстандық биліктің келесі Президентке алмасуының ерекшелігі деп есептеймін. Арасында ешқандай қарама-қайшылық болған жоқ.
Озық отыздыққа қосылуға талпынған ел тағы бір ердің жасын еңсерді, отыз жылдығына қадам басты. Елдің бірлігі сақталса, осы отыз жылдықта елдің тағы бір жаңа дәуірі басталады деген сенім бар.
Авторы: Шынар Асанқызы