Елбасы Н. Назарбаев: қазақ пен қырғыздан жақын ешкім жоқ
Қазақстанның Тұңғыш Президенті: «Екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайта түсу керек», – деді. Қырғызстан жастарына білім грантын бөлу қажеттігін айтты. Ақылбек Жапаров Нұрсұлтан Назарбаевқа Қырғыз халқына әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғысын білдірді. Елбасының қазақ-қырғыз қатынасын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:
- Мен президенттердің барлығымен жақсы қарым-қатынаста болдым. Жақын болдым. Қолымнан келгенімше көмек жасадым. Ақылымды бердім. Сөйтіп келе жатырмыз. Бірге туған халықпыз. Осы жылдардың ішінде оңай болған жоқ. Аманшылық болса, елге жақын болады деп отырмыз. Қазақ пен қырғыздан жақын ешкім жоқ. Оны елдің бәрі біле бермейді. Бұрын ақын жазушыларымыз кездесіп тұрушы еді. Мәдениет жағынан қарым-қатынасымыз жақсы еді. Соның бәрін қалпына келтіру керек.
Ақылбек Жапаров, Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы – Министрлер кабинетінің төрағасы:
- Рақмет, Нұрсұлтан Әбішұлы жылы сөздеріңіз үшін, батаңыз үшін. Біріншіден кездесіп, екіншіден сіздің батаңызды алайық деп келдік. Қазақстанның егемендік күні жақындап келеді. Осы өлкені дамытып, еліне жеріне қызмет қылдыңыз. Қырғыз еліне жақсылық жасап келесіз. Сізге зор денсаулық тілеймін. Біздің президентіміз: «Нұрсұлтан Әбішұлына жолығып, менің сәлемімді айт», – деді. Биыл келе алмай қалды, ендігі жылы сөзсіз келем деп жіберді. Қабыл алғаныңызға, жылы сөздеріңізге рақмет.