Президент Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысынын өткізді
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің басшылары онлайн жүздесіп, экономикалық одақтың жұмысын бір қорытындылап алды.
Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңеске осы ұйымның құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, Әзербайжан мемлекетін ұйымға бақылаушы болуға шақырды.
Бұл – «бестіктің» бесінші онлайн кездесуі. Мұндай форматқа ұйымға мүше елдер басшыларының еті үйреніп те кеткен секілді. Дерт әлі дес берер емес, ал осылай болды екен деп экономикалық одақтың жұмысын тоқтата салуға тағы болмайды. Жиын тізгіні – Қасым-Жомарт Тоқаевта, бүгінгі жиынмен Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалығы тәмамдалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Төрағалықты қабылдай отырып бірлескен жұмыстың бес бағытын айқындаған болатынмын. Бұл, әрине, бір күндік жұмыс емес. Дегенмен бүгінде олардың кейбірінің сәтті жүзеге асырылғанын атап өтуге болады. Биыл 2025 жылға дейінгі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бекітілді және 2023 жылға дейінгі көлік саясатының негізгі бағыттарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Коронавирустық кедергілерге қарамастан, ұйымға мүше елдердің ұпайы түгел. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осы жылдың 9 айында өзара тауар айналымы 32,5% артып, 52 млрд долларға жеткен. Бұл коронавирус пандемиясына дейінгі кезең көрсеткішінен 16,5% жоғары. Одақ елдері арасындағы экспорт көлемі де артты. Мәселен, қазақстандық экспорты көлемі 39% өскен. Қазақстан Президенті ұйымға мүше елдері басшыларына бірнеше ұсыныс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Экономикалық өмір салтының өзгеруі Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтағы көлік-логистикалық артерияларға үлкен қызығушылық тудырады. Жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту бұрынғыдан да өзекті. Бұл тұрғыда ЕАЭО стратегиялық геоэкономикалық артықшылыққа ие. Біз құрлықтағы тасымалдарды дамытуда айтарлықтай әлеуетке иеміз. Одақ елдері жүрдек трансқұрлықтық дәліздерді жолға қою жөніндегі неғұрлым батыл іс-қимылдарға көшуі, олардың өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстан соңғы екі жыл бойы көтерме-тарату орталықтарының желісін құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді.
Экономикалық одақ шеңберінде кедергілер бар, оны жою жұмысы әлі жалғасып келеді. 2016 жылдан бері 64 барьердің 54-і жойылған. Қазақстан Президенті тағы да ескертті: «Біз бірлестік екенбіз, демек, әр елдің мүддесі ескерілуі тиіс».
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
- Комиссияға қажетсіз тәртіп пен бюрократиядан әлі де арылуды тілер едім. Өкініштісі, комиссия отырыстарында күн тәртібіне енгізілмеген, тараптардың мүдделері ескерілмей құжаттар қабылданады. Атап айтқанда, Қазақстан үшін сезімтал сипаттағы мәселелер қаралатын мысалдар бар.
Бүгінгі жиынға Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Елбасы үшін бұл ұйымның жолы да жөні де бөлек, осыдан 27 жыл бұрын айтылған идеяң, бекем бірлестікке айналғанда, әрине, сырт қалуға болмайды. Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңестің құрметті төрағасы деген лауазамы бар.
Әзербайжан мен Арменияның бұл бірлестікте басы түйісе ме уақыт көрсетеді. Дегенмен Ресей Президенті айтқандай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің «жеңіл қолымен» оның да куәсі болуымыз ғажап емес. Владимир Путин осы отырыста өткенді еске алып, мұндай итеграциялық бірлестік құруды «өте дұрыс шешім болды» деп бір қорытты.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
- Сол телефон әңгімесі әлі күнге дейін өте жақсы есімде. Нұрсұлтан Әбішұлы маған қоңырау шалып, Ресей таяу болашақта басымдық ретінде нені көретінін сұрады. Осыдан кейін Қазақстан үшін де, Ресей үшін де интеграциялық бірлестік құру басымдық болады деп келістік. Біз бірлестік құру жайлы бұған дейін сөйлескен едік, Беларусь, Украина да қосылуға дайын еді. Бірақ Украинамен іске аспай қалды, әйтсе де Украинаның сол кездегі басшылығы қосылуға ниет білдірген болатын. Сөйтіп «қолы жеңіл» Қазақстан Тұңғыш Президентінің арқасында процесс басталып кетті. Ал бүгін біз бұл өте дұрыс шешім болғанына көз жеткізіп отырмыз.
«Біз өзімізді барлық қажеттілікпен қамтамасыз ете аламыз. Батыстың памперстері және чипстеріне телміруді доғарайық». Бұл пікірді бүгінгі отырыс барысында Беларусь Президенті Александр Лукашенко айтты. Ал Қырғыз Республикасының басшысы Садыр Жапаров одақ аясында ұлттық валютада есеп айырысуды жандандыруды ұсынды. Айтпақшы, бестік бірлестікке енді Қырғыз Республикасы төрағалық ететін болады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Дулат Ентебеков