Қасым-Жомарт Тоқаев Бинали Йылдырым мен Наталья Годунованы қабылдады
Бинали Йылдырым Президентті және Қазақстан халқын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қасым-Жомарт Тоқаевты келесі жылы Анкараға ресми сапармен келуге шақырған сәлемін жеткізді. Кездесуде саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Президент екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады. Президентке пандемиямен күреске бөлінген 521 миллиард теңгенің жұмсалуына жүргізілген тексерудің алдын ала нәтижелері ұсынылды. Модульді ауруханалардың құрылысына, жұқпалы аурулар стационарларын материалдық-техникалық жабдықтау мен жеке қорғаныс құралдарына бөлінген қаржы тексерілді. Сонымен қатар 2020 жылы Токио Олимпиадасына дайындыққа және оған қатысуға жұмсалған 125 миллиард теңгеге аудит жүргізілген. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді.