Н. Назарбаев: тәубемізден жаңылмасақ, тәуелсіздігіміздің тасы домалайтын кезі алда
Сол жетістікке жету жолында жемісті қызмет еткендердің бір тобын Елбасы арнайы құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ бизнес өкілдеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды. Арасында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, жазушы Дулат Исабеков, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басшысы Алик Айдарбаевтар бар. Ал мемлекетаралық байланыс пен елдегі конфессияаралық диалогты дамыту үшін қосқан үлесі үшін «ВТБ Банкінің» президенті мен Астана және Қазақстан Митрополиті марапатталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:
- Біз барлық жетістігімізге татулық пен ынтымақтың арқасында, еңбек пен қайсар мінездің арқасында жеттік. Тәуелсіздікті бәрінен жоғары қойып, халқымыздың күш жігерін оны баянды етуге жұмылдырып, соның арқасында іргеміз кемелденіп, беки түсті. Сол жолда сіздер қажырлы еңбек етіп, отанымыздың өркендеуіне үлес қостыңыздар. Тәубемізден жаңылмасақ, тәуелсіздігіміздің тасы домалайтын кезі алда. Бүгінгі марапат сіздерді ұлы істерге жетелеп, жігерлендіре түседі. Мемлекттік наградаларыңызбен құттықтаймын!