Мемлекет басшысы әр салада елеулі еңбегімен еленген қазақстандықтарға мемлекеттік наградалар табыстады
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр салада елеулі еңбегімен еленген қазақстандықтарға мемлекеттік наградалар табыстады. 90-ға таяған қарт жазушы, драматург Әкім Таразиге еліміздің ең жоғары атағы «Қазақстанның Еңбек Ері» берілсе, ал 21-жастағы Жансая Әбдімәлік «Құрмет» орденін иеленді. Президент бас-аяғы 64 адамға түрлі дәрежедегі орден-медальдер табыстады.
Әдетте Президент мемлекеттік наградаларды Ақорданың басқа залында табыстайтын. Бұл жолғы рәсімнің жөні мен жоралғысы бөлек, себебі енді екі күннен соң ел үшін мерейлі белес – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. «Біздің бүгінгі жетістігіміз – халқымыздың ортақ жеңісі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кез келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты. Бұл – өмірдің заңы. Адам капиталы мықты мемлекет барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Жаңа Қазақстанды өркендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты. Бүгінгі мерейлі сәтте еліміздің барша азаматтарына табанды еңбегі үшін зор алғыс айтамын.
Елімізде 20 шақты мемлекеттік марапат бар. Соның екі жоғарғысы – «Қазақстанның Еңбек Ері». Бүгін оған 3 азамат лайық деп танылды. Соның бірі – қазақ әдебиетінің абызы Әкім Тарази. 90-ға таяған қарт драматург сол қолымен Президентке сүйеніп тұрып, тамаша туындылар жарық көрген оң қолымен халқына ризашылығын білдірді.
Тағы бір «Қазақстанның еңбек ері» – Мұхтар Төлетаев. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Көпбейінді медицина орталығының» директоры. Ол басқаратын аурухана ұжымы пандемия басталғаннан бері коронавирус жұқтырған 15 мың адамды емдеп шығарды. Қатерлі ісікке шалдыққан жандарға осы мекемеде былтыр 3 мың ота жасалды, 8 мың адам науқасынан айықты.
Мұхтар Төлетаев, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Медицина қызметкерлерінің айлық жалақысы өсті. Індетпен күрескен медицина қызметкерлеріне қосымша төлем төленді. Елорданың ортасында пандемияға қарсы күрескен медицина қызметкерлеріне арнайы ескерткіш ашуыңыз да сол көңіліңіздің айғақ, көрсеткіші.
Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне деген құрметі де бүгінгі марапаттан аңғарылып тұрды. Бас-аяғы 64 адам марапатталса, соның 10-ы –медицина саласына қатысы бар азаматтар.
Күнсұлу Закарья, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық иегері:
- Соңғы екі жылда ұйқы-күлкі жоқ. 6-шы мемлекет болып вакцинаға қол жеткіздік. Алда басқа мақсаттар бар.
«Мақсат көп. Бұл жылды нәтижелі болды деуге толық негіз бар», – деді Президент. Экономикасы мығым, әлеуметі әлді, жан-жақты жаңғырған Қазақстан құрудағы жұмыс жалғаса бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қоғамдық-саяси салада елеулі өзгерістер жасалуда. Мен ұсынған саяси реформалар топтамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Біз Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткіздік. Биыл маусым айында адам құқықтары саласындағы алдағы шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат құқық қорғау саласын кешенді түрде жаңғыртуға бағытталған. Қоғамдық диалогты біртіндеп дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мұның бәрі азаматтарымыздың шешім қабылдау және мемлекеттік басқару ісіне белсене қатысуына жол ашады.
Ақынға – орден, ақыннан – өлең. Қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева Президенттің қолынан «Отан» орденін алды.
Ақұштап Бақтыгереева, «Отан» орденінің иегері:
- Өсірген «елді сүй» деп, арды ойлатып, қондырып таңдайға өлең, маңдайға құт. Даласын, баласын да жырмен тербеп, Қазақтың қызы болған қандай бақыт!
21 жасында «Құрмет» орденін қалай алуға болады? Еңбекпен, ақылмен, оймен. Шахмат әлемінің ханшайымы Жансая Әбдімәліктің бір адамға жетерлік атағы мен марапаты бар, бірақ бұл жолғының жөні бөлек.
Жансая Әбдімәлік, «Құрмет» орденінің иегері:
- Мен 16 жыл шахматпен айналысып келемін. Менің жеңістерім, менің көрсеткіштерім – бұл елдің арқасы, халықтың қолдауы. Жастардың өз ісімен алаңсыз айналысуына жағдай жасалды. Алда жоспар көп. Жыл аяғында әйелдер арасында шахматтың рапид түрінен әлем чемпионаты өтеді. Соған дайындалып жатырмын.
Ал Роза Шишенбаева Ақордаға сонау Жаңаөзеннен жетті. 40 жылдық ұстаздық етті, өтеуі – «Ерен еңбегі үшін» медалі.
Роза Шишенбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
- Бұйырса келер жылы осы Маңғыстауда, Жаңаөзен қаласында дәріс бергеніме аттай 40 болады екен. 40 жылдық еңбегіме әрине, бұл – үлкен тарту.
Ол өзгелерді күлдіріп жүреді, өзі де күліп жүреді. Бүгін де езуі жиылған жоқ, бұл күні оның кішкентай күнгі, үлкен арманы орындалды.
Нұрлан Қоянбаев, «Шапағат» медалінің иегері:
- Кішкентай кезімнен Президенттің қолынан бірдеңе алсам деп армандайтынмын. Сол арман орындалып, Ақордаға келіп жатырмыз, әрине, қобалжу бар.
«Еңбегіне қарай – құрметі. Елім деген ерді елеусіз қалдырмаймыз», – деді Президент.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Алмас Омарғалиев