Маңғыстау облысы мен Алматыдағы төтенше жағдай 19 қаңтарға дейін жалғасады
Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасағаны белгілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрметті отандастар! Қадірлі ағайын! Баршаңызға тағы да айтарым: іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Бірақ бізге өзара сенім және диалог керек.
Ал жастарға айтарым: жарқын болашақтарыңа балта шаппаңыздар, жақындарыңыз бен туған-туысқандарыңыздың жағдайын ойлаңыздар.
Жалпы барлық заң аясындағы өтініштер мен талаптар ескеріледі, тиісті шешімдер қабылданады. Ертең осы мәселелер бойынша арнайы жиналыс өтеді.
Мен баршаңыздың парасаттылықтарыңызға сенемін. Сіздердің амандықтарыңыз бен тұтас еліміздің қазіргі әлемдегі жағдайы осыған байланысты.