Тығылып қонаққа баруды доғару керек – Е. Тоғжанов
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов халықты дендеп тұрған дертке бей-жай қарамауға шақырды.
Омикрон штамы өте жұқпалы. Ол жас талғамайды әрі тез тарайды. Бүгінде Еуропа халқының тең жартысы жұқпалы індетке шалдыққан. Елімізде де эпидахуал кейінгі 2 аптада өршіп кетті. «Қалыптасқан қоғамдық иммунитетті сақтап қалу үшін жылдам ревакцинация жасау керек. Сонда ғана өлім-жітім көрсеткішін 70% дейін азайта аламыз. Бұл ретте тығылып қонаққа баруды доғару керек», - дейді Тоғжанов.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Біз қазір өзімізге де және айналадағы жақындарымызға да жанашыр болуымыз керек. Коронавирус зардабынан 2 жыл ішінде 18 мыңнан астам азаматымыздан айырылып қалдық. Бейбіт күнде арамыздағы ардақтыларымызды жоғалтқанымызды естен шығармаған абзал. Қаталдау естілсе де, айту керек. Бұл жағдайға өзіміз кінәліміз. Тығылып қонаққа бару, ресторанның артқы есіктерінен жасырынып кіріп той жасау, маска тағуды қажет деп санамау, санитарлық талаптарды қабыл көрмеу сияқты әрекеттеріміздің арқасында қаншама азаматтарымыз қайтыс болып кеткенін өздеріңіз де жақсы білесіздер.