Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – ҚХР» саммитіне қатысты
Бес елдің басшысы қатысқан «Орталық Азия және Қытай» Саммитінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин осындай мәлімдеме жасады. Жиында «Қытай мен Орталық Азия халықтарының достығы» форумын өткізу, министрліктердің консультациялық қызметін құру жайы да талқыланды. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен Орталық Азия елдерінің басшыларын осы күзде Қазақстанға шақырды.
Орталық Азиядағы әрбір ел Қытайды негізгі сауда серіктесі санайды. Өйткені ірі инфрақұрылымдық жобалардың дені Қытай инвестициясының арқасында жүзеге асып жатыр. Шығыстағы көршінің біз үшін де, ең алдымен, сыртқы саудадағы орны бөлек. Өйткені Қазақстанға қаржы құятын ең ірі үш елдің біреуі – Қытай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қытай қазір өрлеудің барлық негізгі көрсеткіші бойынша әлемдік көшбасшылар тобына кіруге лайық. Бүгінде екіжақты сауда жаңа рекордтық деңгейге жетіп отыр. Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 17 миллиард доллар болды. Қытайдың Орталық Азия елдеріне құйған 40 миллиард доллар инвестициясының жартысы Қазақстанға тиесілі. Сондықтан біздің еліміз Қытайдың аймақтағы ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі атануы заңды.
Көрші елдің бізден алатын өнімі да аз емес. Бас-аяғы 135 түрлі тауар тасымалдайды. Оның ішіндегі органикалық ауыл шаруашылық өнімдері мен азық-түлкі экспортын бұрынғыдай да арттыруға болады. Қазақстан Президенті осындай өзара сауда және көлік байланысы мәселелерін пысықтау үшін Орталық Азия мен Қытай министрліктерінің консультациялық қызметін құруды ұсынды. Бұл саудада кездесетін түрлі кедергіні, кеден ісін ретке келтіреді. Сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия елдерінің арасындағы шекаралық аймақтарда логистикалық орталықтар салуды көздейді
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз шекарадағы кедендік тәртіпті ретке келтіру үшін заңсыз әрекет етіп, бизнеске түрлі кедергі жасаған теріс пиғылды кәсіпкерлермен күрес жүргізе бастадық. Заңға қайшы мұндай әрекеттермен күрестің нәтижесін жақын арада көретінімізге сенімдімін. Қазақстанға келетін импорттарға және үшінші елдерге жасалатын транзитке зиян келтірмейміз. Үкіметке және құқық қорғау органдарына тиісті тапсырма бердім.
Пандемия «Бір белдеу – бір жол» бастамасының өміршеңдігін көрсетті. Құрлық арқылы Еуропа мен Батыс Азия асатын Қытай тауарлары Қазақстан арқылы тасымалданды. Аталған жоба біздің транзиттік әлеуетімізді одан ары арттырып, табысымызды еселеуге септігін тигізіп отыр. Сондықтан Президент жоғары қосымша құн салығы бар ірі жобаларды іске асыру арқылы бірлескен жұмыстарды жандандыру керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең алдымен, бұл цифрландыру, жасыл технология және инновация салаларына қатысты. Себебі Қытайдың бұл салалардағы табысы айқын. Бұған қоса біз көлік-транзит бағытын әртараптандырып, жаңа құрлықтық дәліздерді іске қосуды негізгі міндет деп санаймыз. Қазақстан осы мақсатқа 2025 жылға дейін 20 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Бұның Қытайдан келетін транзит ағынын кеңейтуге және аймақтағы елдердің артып келе жатқан сұраныстарын қанағаттандыруға ықпал ететіні сөзсіз. Саммитте Қазақстан Қытай мен Орталық Азия елдерін балама энергетиканы дамыту бойынша технологиялар алмасуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру үшін дамудың жаңа модельдері қажет. Қазақстан экономиканы карбонсыздандыру жолына түсті және 2060 жылға қарай көмірсутек бейтараптығына қол жеткізуге ниетті. Ал 2030 жылға қарай баламалы көздерінің үлесін 15% дейін жеткіземіз. Осыған қатысты жетекші технологиялармен алмасуды ұсынамыз. Қазақстан үшін Қытайдың тәжірибесі аса маңызды.
Қытай – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі. Сондықтан еуразиялық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл әсіресе терроризм, экстремизм және трансұлттық қылмысқа қарсы күреске байланысты. Қытай басшысы Қазақстандағы жыл басында болған жағдайға қатысты қолдау мен көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
- Қытай бүгінге дейін Орталық Азия елдерінің жайлы көршісі, сенімді серіктесі және жақын досы болып келді және солай болып қала береді. Біз шынайылық, өзара тиімділік және толеранттылық тұжырымдамасын ұстанамыз. Алдағы уақытта да Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары деңгейдегі байланыстарды кеңейте береміз.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен Орталық Азия елдерінің басшыларын осы күзде Қазақстанда өтетін Азиядағы Өзара Сенім Шаралары жөніндегі кеңестің отырысына қатысуға шақырды. Мемлекет басшысы кеңесті Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына трансформациялау туралы ұсынысын да білдірді.
Авторы: Шынар Асанқызы