Басы даудан арылмаған LRT-ның тағдырына қатысты қандай шешім қабылдануы мүмкін?
Айтпағымыз – ЛРТ мәселесі. Жүрісі жеңіл болғанмен, жолы ауыр бұл жобаның тағдырына қатысты қаңтарда Президент тағы тоқталды. «Аяқтау керек», – деді. Себебі сүріп тастасақ, кеткен уақыт пен жұмсалған қаржының зая кеткені.
Біздің елорда онсыз да сұр қала еді, ал мына сұр бетондар елорданың өңін тіптен қашырды. Оның өңін қашырғандардың өзі елден қашып кетті. Елден безген екеуді «Интерпол» іздеп шарқ ұрып жатқанда, біз елде жүріп, ЛРТ салына ма, әлде сүріле ме деп жүрдік. Тоқетерін тағы сол Тоқаев айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жобадан жемқорлықтың иісі мүңкіп тұр. Енді тиімді шешім қабылдау қажет. Оны жай бұза салатын болсақ, уақыт та, ақша да текке кетеді. Бізде басқа амал жоқ. Отандық және шетелдік сәулетшілерді, урбанистерді шақырып, осы жобаны ары қарай пайдаланудың жолдарын анықтаумыз керек.
Президенттен соң, урбанистер де үн қата бастады. Соның бірі – Асхат Сәдуов. Ел арасында «балық көпір» аталып кеткен мына аспалы көпірдің авторы. Оның айтуынша, асықпау керек. Ол Алматыдағы метроның 50 жыл салынғанын айтады, ал ЛРТ-ның қызығын 40-ншы жылдарға қарай көре бастаймыз. Бұйырса...
Асхат Сәдуов, урбанист, архитектор:
- Мен бұл құрылысты аяқтау қажет деген ойды құптаймын. Бірақ оған қатысты шешімдердің тез қабылдануына қарсымын. Әуелі урбанист мамандар отырып, ортақ шешімге келсін, халықтың пікірін сосын сұрай жатамыз. Себебі елордалықтар ЛРТ мен БРТ-ның не екенін білмейді. Өміріне қандай өзгеріс әкелетінінен хабарсыз. Себебі бізде ондай тәжірибе ешқашан болған жоқ. Түптеп келгенде, бұл жобаға «әлеуметтік каркас» ретінде қарау керек дер едім.
Сәдуовтың сөзінше, ЛРТ-ның әлеуметтік әсерін әзірден болжау қажет. Яғни оның әрбір аялдамасын бизнес нүктеге айналдыру қажет. Себебі қоғамдық көліктің бұл түрімен тұрғындарды тасымалдап табыс табамыз деу әбестік.
Асхат Сәдуов, урбанист, архитектор:
- Халықаралық сарапшылар бұл кем дегенде 40-ншы жылдардың жоспары екенін айтады. Яғни, бұл жобадан қандай да бір нәтиже күтпеу қажет. Тағы сол сарапшылардың айтуынша, метро, ЛРТ секілді жобалар табыс әкелмейді. Бұл – аңыз. Яғни, бірінші аксиома – ЛРТ бұл шығыны көп, мемлекеттік субсидияны сорып алатын инфрақұрылым.
Бұл – Рикардо Марини. Исі еуропалыққа таныс урбанист. Осыдан екі жыл бұрын Түркістанның даму жоспарын Тоқаевқа жеке таныстырған архитектор. Қазақстанға осындай жақындығы болған соң, пікірін білмек болдық.
Рикардо Марини, урбанист, архитектор (Италия):
- Бұл жақсы жоба, жақсы жоба болған еді. Қазақстан ЛРТ саламыз дегенде мен қуандым. Кейін оның бюджеті бойынша біраз әңгімелер айтыла бастады. Мен саясаткер емеспін, сондықтан ештеңе дей алмаймын. Бір айтарым, қалаға мұндай қоғамдық көлік түрі қажет. Ол қаланың өсуіне мүмкіндік береді. Әрі адамдарңа таңдау еркін береді. Мен Нұр-Сұлтанға келгенде таңқаламын. Далада минус 20, ал адамдар жаяу жүреді. Ал, аяз көтерілгенде көлікке мінеді. Көлік көп, кептіліс, ауаның ластануы. Проблемадан проблема туындай береді.
Марини қызық мәліметпен бөлісті, Швецияда жүргізілген зерттеулер көлік кептілісі көп елде ажырасу да аз болмайтынын көрсеткен. Сондықтан жоба керек.
Рикардо Марини, урбанист, архитектор (Италия):
- Мен жобаны аяқтау керек деп санаймын. Қаржы қазір жетпесе, кейінге қалдыруға болады. Бірақ инфрақұрылымды сақтап қалу керек. Әйтпесе, бұл –жеңіліс. Кейбір экономистер: «Астанаға мұндай деңгейдегі инфрақұрылым қажет емес, өйткені қала шағын» деген пікір айтады. Глазгода 1800 жылы салынған метро бар. Ол әлі де қолданылады. Нұр-Сұлтан өседі. Қазақстанның халқы жас. Барлық жерде проблема бар. Бірақ сіздер ұзақ мерзімді перспективаға қарау керексіздер.
Ал, бұл – ресейлік урбанист-философ Святослав Мурунов. ЛРТ-ның құрылысын қолдайтындардың бірі. Астананы ең жайсыз әрі ыңғайсыз қаланың бірі деп санайтынын да жасырмай айтты.
Святослав Мурунов, урбанист-философ (Ресей):
- Қалаға креативті кеңістік жетіспейді. Ішінде түгі жоқ үлкен саябақ салғанша, ЛРТ-ны тұрғызып, оның әр аялдамасына жергілікті кәсіпкерлерді тартып, тартымды бизнес ашуға болады. Себебі сіздер үй сала бересіздер, бірақ одан бақытты болып кетпейсіздер. Қазақстан – шетке ақша шығарып, бірдеңелерді сырттан сатып ала беретін елдердің бірі. Сол ақшаны ЛРТ-ның төңірегіне құрылыс колледжін ашуға, инженерлерді оқытуға салыңыздар. Тағы бір айта кететін нәрсе, бұл құрылыс тек қана мемлекеттің қаржысына салынуы қажет. Инвестор іздеп жүргенде, бәрі шіріп те кетеді.
Ресейлік урбанистің ойынша, ЛРТ-ның төңірегіндегі жемқорлық – жабық жүйенің кесірі. Яғни, ашықтық жоқ. Халыққа ештеңе айтылмайды, талқыланбайды. Отандық жас урбанист Диас Маратұлының да айтпағы осы, жемқорлықтың мүңкіген исінен құтылудың бір жолы – ашықтық пен есептілік.
Диас Маратұлы, урбанист:
- Соның бәрінің ақпаратын біз қазір білмей отырмыз. Сонымен қоса, тағы да осы ЛРТ-ның жобасы бірнеше рет өзгертілді. Барлық есептерін бізге ашуы керек. Сол кезде ғана біз ЛРТ-ның болашағы туралы жай өз фантазиямызды ғана емес, «ұнайды, ұнамайды» деген сөзбен емес, нақты, дұрыс шешімін қабылдай аламыз. Президент айтқандай, жемқорлықтың исінен құтылудың жолы сол болады.
Урбанистерді тыңдадық. Ал, осында тұратын халықтың өзі не дейді? Біздің билік құлақ аспайтындай нұрсұлтандықтар ақылсыз емес, алысқа қарайды, болашақты болжайды.
Сонымен, біз тілдескен урбанистердің дені ЛРТ-ның құрылысын аяқтау қажет деп санайды. Тек асықпай, аптықпай, кезең-кезеңімен, халықпен ақылдаса отырып жүргізу керек. Түптеп келгенде аға буын ұрлаған ақшаның кесірінен болашақ буын, біз бүгін айтып жүрген жаңа қазақстандықтар қара жаяу қалмауы керек.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Тоқтар Терлікбаев, Мұханбетали Тілдебаев, Меруерт Садықов, Ұлан Нарынбек