Президенттің Татарстанға сапары: қандай келіссөздер жасалды?
Тараптар әуелі екі жақты кездесу өткізді. Байланыстың көкжиегін кеңейту үшін жаңа келісімдер жасалды. Сонымен алдағы уақытта қай бағыттарда қатынас жанданады?
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
-Қазақстан Татарстанның сауда һәм экономикада берік байланыс орнатқан елдердің бестігіне кіреді. Былтыр карантин кезінде логистика, жүк тасымалындағы қиындықтардың өзінде қазақ пен татар арасында тауар айналымы бәсеңдемеді. Енді тараптар сауда-экономикалық, өнеркәсіп және технология саларында өзара ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтуге бейілді. Арада талқылайтын, пысықтап алатын мәселе көп. Осы мақсатпен өткен жылы татар басшысы Қазақстанда үш рет болып, біздің Президентпен кездескен еді. Биылғы қаңтардың соңында Рустам Минниханов Ақордаға тағы барды. Ал бұл жолы Татарстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келді.
Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Миннихановтың кейінгі үш аптадағы екінші кездесуі. Іскерлік диалогқа дейін Президенттер Қазан Кремлінің көрікті жерлерін аралады. Әуелі Кул Шариф мешітіне кірді. Алла үйі 2005 жылы ашылған. Бір мезетте мұнда мың жарым адам сәждеге бас қояды. Ал алдындағы алаңға 10 мың адам сияды. Сегіз мұнарасы бар. Күмбезінің биіктігі 40 метрге жуықтайды.
Көрікті Қазанда көне нысандар көп. Соның бірі – мына ШІРКЕУ. Іргесі 1552 жылы қаланған. Кеңес Одағы тұсында шіркеу жабық тұрған. Сөйтіп, 1995 жылы Татарстанның бірінші Президентінің жарлығымен көне нысанды жөндеу жұмыстары басталып, 2005 жылы қайта ашылады. Бірнеше ғасырлық тарихы бар шіркеуге талай тарихи тұлға бас сұққан. Президенттер де байырғы ғибадатханаға арнайы барды.
Қазан Кремлінің маңындағы көрікті жерлерді аралап шыққан соң, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов резиденцияда екі жақты кездесу өткізді. Қазақ-татар байланысын жандандырудың жолдарын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның басшысы ретінде Татарстанға келгеніме қуаныштымын. Өзіңізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Сол кезде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесін қарастырдық. Екіжақты ынтымақтастығымызда өте маңызды жобалар бар. Бұл жобалар міндетті түрде жүзеге асады деп ойлаймын.
Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының Президенті:
- Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздермен Қазақстан-Ресей достық қарым-қатынасы аясында жұмыс істеу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан үшін стратегиялық әріптес. Елдеріңіздегі бірқатар өңірмен көптеген келісім бар. Компанияларымыз қазақ елінде жақсы жұмыс істеп жатыр.
Ресей өңірлерінің арасында Татарстанның тасы өрге домалап тұр. Экономикасы қарқынды дамып келеді. Республиканың орналасқан жері де өте қолайлы. Ресейдің шығысы мен батысын, солтүстігі мен оңтүстігін байланыстырып жатыр. Тек көрікті көне ғимараттарға емес, мұнайға да бай. Татарстанда жылына 35 млн тоннадай мұнай өндіріледі. Татарлар қара жерден қара алтынды алып, шикізат күйінде ғана экспорттап қоймайды. Өңдеп сатады.
Денис Валеев, Татарстанның Қазақстандағы өкілетті уәкілі:
- Бүгінде Татарстанда алынатын мұнайдың 70% өңделеді. Бұдан бөлек, бізде көлік құрастыру ісі жолға қойылған. Экономиканың ең басты саласы десе де болады. Ұшақ, тікұшақ, кеме, трактор, КАМАЗ, өзге де ауыр траспорт түрлерін шығаратын зауыттарымыз бар. Енді Қазақстанмен бірлесіп бірыңғай көлік компанияларын құрғымыз келеді. Сол арқылы елдеріңізде жүк көліктерін құрастырсақ дейміз. Себебі Қазақстан қолайлы жерде орналасқан. Қытайға да, Орталық Азия елдеріне де шығатын жол бар.
Бір сөзбен айтқанда, қос тарап та экономикалық байланысты нығайта түсуге мүдделі. Мүдделі болған бірлескен жобалардың алды басталып та кетті.
Бүгінде Татарстанның компаниясы Қарағандыдағы Саран қаласында шина шығаратын зауыт салып жатыр. Кәсіпорын осы жылдың соңында пайдалануға беріледі.
Александр Смышляев, KamaTyres.kz компаниясының директоры:
- Сарандағы зауыт іске қосылып, толық қуаттылықта жұмыс істеген кезде кәсіпорында 3 жарым миллион дөңгелек жасауға болады. Бастапқыда шинаның 40, кейін 107 түрін шығарамыз. Мыңнан астам қарағандылық сол жерде жұмыс істейді. Үкіметпен осындай келісім бар. Бүгінде Татарстанның Нежнекамск қаласындағы шина зауытында қазақстандық азаматтар өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Технологияны меңгеріп алған соң, Саранға аттанады. Қарағандыда шығарылатын шиналардың 30% Қазақстанда қалады. 70% экспортталады.
Владислав Пастушенко, «КАМАЗ» АҚ директорының орынбасары:
- Біз Қостанайдың индустриалды аймағында екі жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Біріншісі – шойын құю зауыты. Екіншісі – механикалық өңдеумен айналысатын кәсіпорын. «КАМАЗ» акционерлік қоғамы 20 жылға келісімге отырды. 300 миллион еуро инвестиция салынды. Қыркүйек айынан бастап тиісті қондырғыларды орната бастаймыз. Аталған бұйымдар жүк көліктерін жасауға керек. Осылайша, КАМАЗ көлігін құрастыруға қажет бөлшектердің 11% Қазақстанда жасалады.
Қазақстан бизнес өкілдерін несімен қызықтырады? Әрине, инвестициялық ахуалымен. Бізде инвесторларға жақсы жағдай һәм жеңілдіктер жасалады. Сондықтан татар тарапы бірлескен жобалардың қатарын көбейтуге ықыласты.
Альберт Каримов, Татарстан Премьер-министрінің орынбасары:
- Қазақстан біздің компанияларды қатты қызықтырып отыр. Себебі осыған дейін бірлесіп ашқан жобалар тиімді жұмыс істеп жатыр. Бизнеске қолайлы жағдай бар. Енді тікұшақ, кеме, матор құрастыру, мұнай-газ инжинирингі сынды салалардағы компанияларымыз қазақстандық әріптестермен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.
Қазақ пен татар бөтен емес. Діні мен тарихы ортақ. Ділі мен тілі де ұқсас. Ағайынды елдерді жақындастыра түсу үшін Президент Рустам Минниханов мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуды ұсынды. Ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Кездесу соңында Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты «Достық» орденімен марапаттады. Бұл екі халықтың арасындағы бауырмалдықтың һәм достықтың белгісі болса керек!
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ержан Рахманбердиев, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиев