Мемлекетке опасыздық жасау: 15 іс қаралып жатыр
Ғизат Нұрдәулетов қаңтар оқиғасынан кейін 3070 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның 2710-ы – ұрлық, тонау, бұзақылық, қару ұрлау сынды қылмыстар. Мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша 15 іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында жатыр.
Сондай-ақ арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша 179 істі тексеруде.
Жалпы алғанда, қаңтар оқиғасы кезінде 3388 қару, оның ішінде 10 аңшылық дүкенінен 1629 мылтық ұрланған. Осының тек үштен бірі немесе 967 қару табылды. Қаруларды іздеу және қайтарып алу жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық факті бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.