АЭС 2035 жылға дейін салынуы мүмкін
Себебі қазір олар 1 киловат үшін 1 теңге ақша төлейді. Мұндай ставка мардымсыз екенін Президенттің өзі айтқан еді.
Оның үстіне «сұр майнерлер» қаптап кетіп, электр энергиясын тұтыну көлемін арттырған. Халық саны мен экономиканың даму қарқыны өскен сайын энергия тапшылығы болуы да ғажап емес. Сондықтан елімізде 2035 жылға қарай атом электр станциясының салынуы мүмкін екені де Үкімет отырысында айтылды.
Риат Шони, тілші:
- Елімізде атом электр станциясы 2035 жылға дейін салынуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша Президенттің өзі де, жұрттан жалтара бермей түсінікті түрде жауап қатуды міндеттеген болатын. Осы ескертуді елеген Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында атом электр станциясы жайлы жоспарлармен бөлісті.
Ведомство басшысының сөзінше, 2035 жылға қарай еліміз тұтынатын электр энергия көлемі сағатына 153 млрд киловаттқа жетеді. Себебі бұл уақытқа дейін халық саны артып, экономиканың даму қарқыны да еселене түседі.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
- Бұл ретте жұмыс істеп тұрған электр станцияларының генерациясы 2020 жылға 108 млрд кВт/сағаттан, 2035 жылы 88,6 млрд кВт/сағатқа дейін кезең-кезеңімен төмендеуі байқалады. Энергетикалық баланс бойынша саланы дамытудың мақсаты пайымы ретінде 17,5 ГВт электр қуатын енгізуді көздейтін «АЭС-пен жасыл» сценариін белгілеу ұсынылады. Бұл сценарий жасыл энергия көздеріне газ және атом генерациясына баса назар аударады.
«Елдегі электр қуатының төмендеуіне майнерлердің де үлесі бар», - дейді Үкімет мүшелері. Бір сөзбен айтқанда, «сұр майнерлер».
Олармен күресу үшін мобильді топтар құрылып, олар кімнің қанша электр энергиясын пайдаланып жатыр және салықты тиісті мөлшерде төлеп жатыр ма, жоқ па екенін тексермек. Кейін заңсыз майнерлердің IP-адрестері бұғатталады.
Бүгінде ресми тіркелген майнинг компаниялары 640 мегават электр қуатын пайдаланады екен. Тұтынымы көп болғанымен төлейтін ақысы тым аз – 1 киловат үшін майнерлер 1 теңге төлейді. Енді Ұлттық экономика министрлігі бұл ставканы 10 есе арттыруды көздеп отыр. Электр энергиясын тұтыну көлемі алдағы жылдары еселеп артатын сөзсіз. Өйткені халық саны өсуде, бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің де қатары артуда.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- 2025 жылдың соңына дейін 70 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Ол үшін 1,5 ГВт электр энергиясы, 2,9 мың Гкал/сағ жылу энергиясы, 3,3 млрд текше метр табиғи газ, 887 мың текше метр сумен жабдықтау, сондай-ақ 749 мың текше метр су бұру қажет болады.
Тұрғын үй құрылысында да біраз былық бар секілді. Салалық министрлік соңғы 3 жылда қолданысқа тапсырылған баспаналардың статистикасын тексермек жоспарда.
Ол үшін осы айдың соңына дейін әкімдіктер тұрғызған нысандардың тізімін жасап шығады. Кейін оны министрлік наурыздың аяғына дейін статистика және әділет органдарының ақпараттық базасымен сәйкестендіріп қарайтын болады. «Есеп-қисапта жалған мәлімет анықталса, шешу жолдары бойынша ұсыныстар беріледі», - дейді Қайырбек Өскенбаев.
Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі елдегі құрылыс нарығын монополияға айналғандығын алға тартты. Салдарынан пәтер бағасы шарықтаған. Мәселен, елордада бір ғана BI Group холдингінің үлесі 60% жоғары. Осындай үстемдігін құрған жетекші компаниялардың кесірінен соңғы 5 жылда жаңа пәтер бағасының жылдық индексі 1,3-тен 16,6% дейін өскен. «Ал үлескерлердің қаражатын тарту әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаусыз қалып отыр», - дейді агенттік төрағасы.
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Агенттіктің талдау деректері бойынша 2021 жылы жеке құрылыс ұйымдары салған 7,5 млн шаршы метр тұрғын үйдің 27% өз қаражаты есебінен және 26% заңнамада көзделген рұқсаттарды алғаннан кейін салынған. Тұрғын үйдің қалған 47% брондау, резервтеу және тағы да басқа шарттар бойынша салынған. Осылайша үлескерлер қаржыландырылған әрбір екінші пәтер жасырын схемалар бойынша сатылады. Бұл ретте тексеру парақтарының болмауына байланысты үлескерлердің қаражатын әкімдіктердің рұқсатынсыз жаппай тарту жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылаусыз қалып отыр.
Енді агенттік алдағы уақытта Президент тапсырмасына сәйкес елдегі құрылыс нарығын демонополизациялау ісімен айналысатын болады. Осы ретте Премьер-министр Әлихан Смайылов 1 ай ішінде Үкіметке талдау қорытындысы мен осы мәселені шешу бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы түрлі монополист операторлар мен делдалдар алып отырған комиссиялар мен тарифтерге мұқият талдау жүргізіп, оларды қайта қарау немесе алып тастау бойынша шешімдер дайындауды тапсырды. Осыған байланысты ұлттық экономика министрлігі бәсекелестікті қорғау агенттігімен және Атамекен палатасымен бірлесіп 1 ай мерзімде үкіметке талдау қорытындысымен осы мәселені шешу бойынша нақты ұсыныстарды енгізсін. Қазіргі жағдайда біз жұдырықтай жұмылып нақты нәтиже көрсетуіміз қажет. Қоғам бізден нәтижелі және пәрменді шаралар күтіп отыр. Алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұр. Мемлекет басшысының әрбір тапсырамсы жедел әрі тиімді орындауымыз қажет.
Риат Шони, тілші:
- Жалпы Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында 140 тапсырма берген болатын. Үкімет бүгінде соның 44-ін орындап үлгергенін айтты.
Авторы: Риат Шони