Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Кездесуде инфляция өсімін тоқтату үшін атқарылып жатқан шаралар мен баға шарықтауын бәсеңдетуге арналған жұмыс барысы талқыланды. Ғалымжан Пірматов валюта және қаржы нарығындағы ахуал мен алтын-валюта қоры жайлы есеп берді. Кездесу қорытындысы бойынша Президент бірқатар нақты тапсырма берді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясының төрағасын қабылдады. Нұрлан Әбдіров Президентке сайлауаралық кезеңдегі қызмет жайлы баяндады. Сондай-ақ аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округтердің әкімдерін сайлау жөніндегі өңірлердегі жұмыс туралы хабарланды. Президент Орталық сайлау комиссиясына сайлауаралық үдерістердің заңға сәйкес толық ашық болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұдан соң Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед Әл-Арикиді қабылдап, екіжақты стратегиялық серіктестікті дамыту жайын талқылады. Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді. Президент екі ел арасындағы достық пен қарым-қатынастарды нығайтуға ниетті екенін айтты. Елші өз елінің екіжақты ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен инвест жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.