Қаңтар қасіретінен Президент қандай сабақ алды?
Ал болған жайдан Тоқаев қандай сабақ алды? Нендей ой түйді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл мәселеге қатысты жан-жақты зерттейтін болсақ, халықтың нарызылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Оны мойындауымыз керек. Ол – ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Бұл мәселе туралы мен Парламентте, басқа да жиындарда айттым. Өкініштісі, азаматтардың наразылығын қылмыскерлер, лаңкестер пайдаланып кетті. Бұған бәріміз куә болдық.
Дей тұрғанмен Қасым-Жомарт Кемелұлы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жоққа шығармайтынын еске салды. Ал кемшіліктер жастарға да сабақ болуы керек екенін ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Расында, әлеуметтік желіде Тұңғыш Президентіміз туралы әртүрлі ой айтылып, жазылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады. Мен Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің іргесін қалады. Ол – мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосқан тұлға. Тұңғыш Президенттің кемшілігі болса, оларды сабақ ретінде жас басшыларға қалдыру керек. Қаңтар оқиғасы бәрімізге, оның ішінде мен де бармын, сөзсіз үлкен сабақ болды. Тиісті қорытынды жасалды деп айтуға болады. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер – соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп-біліп отыр.