Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Абаев пен Қайрат Келімбетовті қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдады. Келімбетов Президентке елге капиталды қайтару жолында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, қазір «Астана» халықаралық қаржы орталығында әлемнің 63 елінен 1 236 компания тіркелген. Бұл орталық 6,2 миллиард доллар инвестиция тартқан.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Абаевты да қабылдады. Президент министрге 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына дайындықты әзірден күшейтуді тапсырды. Себебі соңғы уақытта қазақстандық спортшылардың бабы мен бағы келіспей жүр. Токиодағы тартыста Қазақстан медаль саны бойынша 82-орыннан көрінсе, қысқы ойындарда Қазақстан құрамасы бір де бір медаль алған жоқ.