Президент Жолдауында парламенттік республикаға біртіндеп көшу идеясын айтты
Президент өз жолдауында парламенттік республикаға біртіндеп көшу идеясын айтты. Заңдарды қабылдау құқығы мәжіліске берілмек. Оның құрамындағы партиялар қатары да артатын болды. Бұрын партияны тіркеу үшін 40 мың қол жинау керек болса, Президент оны 5 мыңға дейін төмендетуді міндеттеді. Яғни партияны тіркеу жеңілдетілсе, олардың қатары да молаятыны сөзсіз.
Қаңтардағы аласапыранынан кейін саяси трансформациясыз алға басуға болмайтыны айдан анық болды. Себебі бұған дейін саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қасіретті қаңтарға алып келді. Тамыр-таныстық, рушылдық, шағын ғана топтың шалқып өмір сүруі – әділетсіздік. Дағдыға, әдетке айналған қоғам кеселінен арылу оңай емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақсатта ел болып жұмылу үшін парламенттік республикаға біртіндеп көшу жолын ұсынды. Ең әуелі, Сенатты жасақтау тәртібі және оның бірқатар функциясы қайта қаралмақ.
Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ең басты жаңалық – мемлекеттік құрылым, мемлекеттің билік тармақтары, билік институттарының аражігін ажырату. Жоғарғы палата – Сенатта бұған дейін 15 депутатты Президенттің тағайындаса, енді сол депутаттардың санын 10-ға дейін азайту ұсынылды. Екіншіден, қалған 10 депутаттың бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттарының есебінен болады. Бұрын бұл тоғыз депутат Мәжілістің құрамында сайланатын болған.
Бұған дейін суперпрезиденттік жүйе салтанат құрғаны мәлім. Енді күшті Президентпен бірге ықпалды Парламент белсене жұмыс істейтін кез келді.
Мемлекет басшысы Мәжілістің мәртебесін өсірді. Енді заңдарды Сенат емес төменгі палата қабылдайды. Бұған қоса Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылмақ. Бұл квота Сенатқа ауыстырылып, қатары тоғыздан бес депутатқа дейін кемиді. Сөйтіп, қазір Мәжілісте 107 депутат болса, олардың саны 98-ге азаяды.
Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір халық осы Мәжіліс не істеп, не бітіріп отыр деп көп сұрайды ғой. Расымен де, Мәжілістің кейде жергілікті аймақтарға, облыстарға, көптеген шаруаға араласуға мүмкіндігі жоқ. Енді Палата біздің алдымызда бюджет бойынша жылына екі рет есеп беретін болды. Бұл өте орынды деп санаймын. Елге не керек екенін, біріншіден, халық біледі, екіншіден, елден сайланған азаматтар біледі.
Бос уәде, көпірме сөздің заманы өтті, енді нақты істер жасалуы тиіс. Парламент депутаттары халық қалаулысы деген атқа лайық болуы үшін жасырын өз пайдасын ойлап, кей топтардың қызығушылығын қорғап емес, бұқара халықтың қалауын ортаға шығаруы тиіс. Президент Мәжіліс құрамының 70% пропорционалдық, қалған 30% мажоритарлық жүйемен сайлауды ұсынуы – баршаның пікірі ескерілсін дегені. Демек, енді төменгі палатаға қазіргідей үшеу ғана емес, бірнеше партия келеді деген сөз. Парламент депутаттары Ұлттық құрылтайдың құрылатынына да қуанды.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Ұлттық құрылтай құру деген ұсыныс – тағдыршешті ұсыныс. XVII ғасырдың II жартысында Тәуке ханның тұсында билер сотқа араласқан. Халықтық биліктің бірінші көріністері сол кезден бастап қалыптасқан.
Депутаттар Президенттің өз өкілеттігін азайтып, Парламентке ықпал бергенімен қоса, туғанын, жақын-жекжатын жоғары лауазымдарға жолатпау туралы шешіміне де әділ деген баға беріп отыр.
Берік Бекжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Өте дұрыс. Орынды ұсыныс. Себебі Президенттің туыстары билікке араласу мәселесі заңмен шектелуі тиіс. Бұл Президенттің өз билігін жүзеге асыруға оң өзгерістерін туғызады. Мемлекет дегеніміз халықтың жағдайын жасайтын құрал емес пе? Менің бар арманым – халыққа жағдай жасау.
Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелетінін Президент қадап айтты. Элиталық топтың емес, қарапайым халықтың мүддесін қорғаса, жол ашық. Егер ел үдесінен шыға алмай жатса, депутаттың мандаты кері қайтарылмақ.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Азамат Сәметов