Қ. Тоқаев: суперпрезиденттік басқару әдісі ескірді
Мемлекет басшысы қайғылы қаңтар оқиғасына баға берді, суперпрезиденттік жүйеден мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу мәселесін көтерді. Енді Президенттің жақын туыстарының басшылық қызмет атқаруына тыйым салынады, жаңа үш облыс құрылады, партияны тіркеу жеңілдейді.
Біздің елде әдетте көктемде жолдау жарияланбайтын. Бірақ биыл бәрі өзгеше. 5 қаңтар күні басталған «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан бері тура 70 күн өтті. Жүгі ауыр жетпіс күн, жетпіс түн. Осыған дейін біздің қоғам ықпалынан ығып келген топтар Қазақстанды осы қаңтарда қақтығыс алаңына айналдырғысы келді. Себебі оларға жаңа Қазақстанның ұстанымы ұнаған жоқ, олар бұрынғы, ескі жүйенің жақтаушылары болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақырына дейін халқыммен бірге боламын деп ашық айттым. Бабаларымыз «іштен шыққан жау жаман» деп бекер айтпаған. Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды.
Осы оқиғадан соң өзге әрі жаңа Қазақстанды құру қарқыны бәсеңдейді, бұл іс іркіледі дегендер де болды. Бірақ біздің билік алған бетінен қайтпақ емес. Оған бүгінгі жолдау куә. Бұл жолдаудың жөні бөлек боларын Президенттің өзі айтқан. Осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсынған Тоқаев бүгін бесіншісін жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек.
Президент 1 сағаттан астам сөйледі. Сөйлегенде, бүй деді. Біріншісі, Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарту. Қазір Президенттің құрығы ұзын болғанмен, жұмысы көп. Мысалы, облыс әкімдерін тұрмақ, аудан, тіпті ауыл әкімдерін де қызметінен босата алады. «Отыз жылда қазығы қалыптасқан суперпрезиденттік басқару әдісі ескірді», - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Қасіретті қаңтардың» маңызды сабағы: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолындағы өкілеттіктердің шоғырлануы оған жақын адамдар мен қаржы-олигархиялық топтардың әсерін негізсіз күшейтеді. Олар мемлекетті жеке меншік ретінде қабылдайды. Мемлекет басшысы барлық азамат үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым енгізіледі. Бұл норманы Конституцияда бекіту артық болмас деп ойлаймын».
Президент ешқандай партияның мүшесі болмауы керек. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT төрағалығынан бас тартпақ, заңды түрде. Сондай-ақ, оның ойынша, Орталық сайлау комиссиясының, есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағасы мен мүшелері ешқандай саяси ұйымның сойылын соқпауы қажет. Әкімдер мен оның орынбасарлары да партиялық қызметтен бас тартуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Парламенттің төменгі палатасы кез келген адамға жасанды преференциялар бермей, елдің бүкіл электоралдық ландшафтын көрсетуі керек. Осылайша, біз Мәжілістегі ҚХА квотасын алып тастаймыз. Меніңше, бұл шешім саяси және заңды тұрғыдан да дұрыс. Бұл квота Сенатқа ауыстырылады және тоғыздан бес депутатқа дейін қысқартылады. Тиісінше, Мәжілістегі депутаттық орындардың жалпы саны азаяды.
Біздегі сайлау жүйесі жұрттың сенімінен айырылғалы қашан?! Президент сол сенімді қайтаруға ниетті. Ол үшін сайлау жүйесін жетілдіріп, саяси партиялардың дамуына мүмкіндік беру керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Партияларды тіркеу үдерісі айтарлықтай жеңілдейді. Бұл ретте партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегін төрт есе – 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету керек. Ал өңірлердегі өкілдердің саны үш есеге азайтылып – 600-ден 200 адам болады. Партияны құру үшін бастамашыл топтағы азаматтар саны ең кемі 1000 адамнан 700-ге дейін азайтылады.
Саяси реформадан бөлек, Президент елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты ауқымды әрі маңызды шешімдерін бірінен соң бірін жария етті. Осылайша, сәрсенбінің сәтінде Қазақстанда жаңадан үш облыс пайда болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер көп. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден ескірген. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз.
Ұлт ұясы Ұлытаудың да бағы енді жанады. Жезқазған жаңа облыстың орталығы атанады. «Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім», - дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.
Алматы агломерациясы. Облыс тұрғындары қала төңірегіне шоғырланды, осылайша, алып шаһар миграция мен урбанизацияның тартылыс нүктесіне айналды. Президенттен тағы бір ұтымды ұсыныс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын. Жалпы жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді.
Жолдаудың оныншы міндеті – дағдарысқа қарсы шаралар. Геосаяси жағдай ушыққан сайын, экономикалық ахуал да алаңдатып отыр. Президент төл теңгенің тұрақтылығын сақтап қалуды тапсырды. Алдағы егіс науқанын сапалы атқару да маңызды. «Ең бастысы, мемлекеттік апараттың мүлтіксіз әрі жылдам жұмыс істегені керек», - дейді Мемлекет басшысы,
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шешімді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол берілмейді. Қазір толықтай жұмылуымыз қажет. Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті қажет болса бір тәулікте қабылдануға тиіс. Үкімет жанынан құрылған Жедел штаб ақпаратқа сол сәтте талдау жасайтын, сондай-ақ нақты шұғыл шаралар әзірлейтін Ахуалдық орталық сияқты жұмыс істеуі керек. Еліміздің дамуын мейлінше тежейтін шектен тыс бюрократиялануды жүйелі түрде жойып отыру қажет. Оның ауқымы ұлғайғаны соншалық, көптеген мемлекеттік құрылым өзін тек сонымен ғана байланыстырады. Жақын уақытта мен Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы жарлыққа қол қоямын.
Президенттің бүгінгі бастамаларын жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізіп, 20-дан астам заң қабылдау керек екен. Жиі ду қол шапалақтағанына қарағанда, бұл жұмысқа жең түре кірісуге депутаттар дайын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамның беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Президент Жолдауда айтқан саяси реформалардың санын санап та шықтық. Олар – 33. Мемлекет басшысы бұл бастамалардың қаңтар оқиғасына дейін дайын болғанын айтады. Кейбір сарапшылар кейін көрсек қайтеді деген сыңайда кеңес те берген екен. Бірақ Президенттің пайымынша, бізге, біздің қоғамға үлкен әрі түбегейлі реформалар қазір керек, өйтпесек тоқыраймыз. Біздің қоғам – көпжылдық, елужылдық, отызжылдық стратегиялық жоспарларға әбден тойған қоғам. Президент былай деді: «Мен азаматтарымыздың ертең емес бүгін бақытты болғанын қалаймын». Жолдауда айтылған тоқсан-ауыз сөздің түйіні, түп мәні осы көрінді бізге...
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Саметов