Қ. Тоқаев бір топ қайраткерге мемлекеттік награда табыстады
Президент Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградаларға ие болады.
Олардың қатарында өндіріс, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері, бизнес өкілдері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, спортшылар, волонтерлер бар. Соның ішінде жазушы Илья Жақанов пен Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді
Әдетте жылулық сыйлайтын көктем мезгілі биыл оң қабақ таныта қоймаса да, Ақорда жадыраңқы көңіл-күй сыйлап, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бір топ азаматты ұлықтады. Салтанатты жиынға жиналғандардың көбі – кешегі қаралы қаңтар оқиғасын көзбен көріп, зардап шеккен көпшілікке көмек көрсеткен жандар. Ел тарихындағы бұл қайғылы оқиғадан кейін саяси трансоформацияның, дамудың жаңа бағыты қажеттігін бұл жандар жақсы түсінеді. Сондықтан жиналғандар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан – абстрактылы идея емес, келешектің жарқын көрінісі екенін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жолдаудағы әрбір бастаманы осы мақсатқа жету жолындағы нақты қадам деуге болады. Оны табысты жүзеге асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Қазір аумалы-төкпелі кезең болып тұр. Геосаяси ахуал күннен күнге ушыға түсуде. Оның салқыны белгілі себептерге байланысты Қазақстанға да тиеді. Бірақ біз бағдарымыздан айнымай, көздеген мақсатымызға қалайда жетеміз. Сол үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Бүгінде әрбір отандасымыз егеменді елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда.
Ақордаға жиналғандардың әрқайсысы – ынтымақ пен бірлік құндылықтарына адалдығын іс жүзінде дәлелдеген нағыз патриоттар. Қажырлы еңбектерімен, көмек қолын созуға деген шынайы ниеттерімен барша отандасымызға үлгі-өнеге көрсеткен жандар. Президент осындай отандастарымызбен Жаңа Қазақстанды бірге құратынына зор сенімділігін білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті. Жауапты сәтте жұртына қорған болып, елдіктің нағыз үлгісін көрсетті. Осындай отаншыл тұлғаларымыз – жас ұрпаққа өнеге. Халқымыз: «Ер еңбегімен қадірлі», - деп бекер айтпаған. Елге еңбегі сіңген жандарға Ұлыстың ұлы күнінде құрмет көрсетудің зор символдық мәні бар. Мен Наурыз мерекесі қарсаңында бір топ қайраткерімізге мемлекеттік награда тапсыру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл іс-шараны осы мейрамға қарай өткізуді игі дәстүрге айналдырамыз.
Президенттің мемлекеттік наградаларды бүгін табыстаудың да ерекше мәні бар. Бүгін Шымырлық пен шеберлік күні. Еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы осындай шеберлігімен аса үздік жетістіктері үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ең жоғарғы атағы «Қазақстанның Еңбек ері» марапаты жазушы Илья Жақанов пен Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановқа берілді.
Илья Жақанов, Қазақстанның Еңбек ері, жазушы:
- Халық сізге сенеді. Оны біз сол қаңтар трагедиясында көрдік. Сіздің ел алдына шығып сөйлегеніңіз, елдің жағында болғаныңыз, барлығын түсіндіріп, бұл сұмдықтың қайдан шығып жатқанын елдің санасына, жүрегіне жеткізгеніңіз тұтастығымызды, біздің аманшылығымызды сақтап қалды. Ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігімізді аман-есен сақтап қалдық. Біз сол күндері Атырауда болдық. Елдің алдында сіз қалай сөйлесеңіз, біз Атырауда көшеге шыққан, алаңға шыққан үлкен дүрбелеңнің ішінде болдық. Солармен бетпе-бет сөйлестік. Олардың барлығы сіздің сөзіңізге иланды.
Дүрбелең кезінде батылдық танытып, халыққа басу айтқан ер мінезді жандар қиын кезде табыла білді. Ел бірлігін сақтап қалуда үлес қосқан жандарды Президент назардан тыс қалдырмады. Ақорда төріне арнайы шақырып, мемлекеттік награда табыстады. Осындай қошеметке бөленіп, «Ерен еңбегі үшін» марапатын Атырау қаласындағы кәсіпорындардың бірінде күзетші болып жұмыс істейтін Азамат Тоқбасов иеленді.
Азамат Тоқбасов, күзетші:
- Бейбіт шеру деп басталды. Содан кейін жайлап арандатушылардың арам пиғылдары көріне бастады. Ағаларымыз, інілеріміз бірігіп, көшелерге шығып, мәлімдеме жасап, халыққа басу айттық. Осындай кішкентай еңбекті бағалағандарыңызға көп рақмет!
Ел басына күн туғанда атқа қонған азаматтар көп болды. Әрине, олардың барлығы да орден тағу үшін емес, елдің қамы үшін өздерінің азаматтық парызын мінсіз орындады. Өз басын қатерге тігіп, өзгелерге көмектесті. Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруде талдықорғандық бизнесмен Дәурен Тәліпов те өз үлесін қосты. Ол басқа әріптестерімен бірігіп, стратегиялық нысандар мен блокбекетте тұрған әскерилер мен полицейлерге ыстық тамақ жеткізген. 500-ге жуық адамды күніне екі мәрте тамақтандырыпты. Тіпті жол-жөнекей қарулы қақтығысқа тап болып, көмекшісі екеуі ауыр жарақат алған. Кәсіпкердің ерен еңбегі елеусіз қалмады. Кәсіпкер Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алды.
Дәурен Тәліпов, «Құрмет» орденінің иегері, кәсіпкер:
- Сол кезде әскери техникамен жол апатына ұшырадық. Құдайға шүкір, бүгін осы жерге келіп отырмыз. Сол күні істеген істерді бүгін бағалап жатыр. Ол кезде осындай орден аламыз деп ешкім ойлаған жоқ. Ол орден үшін жасалған жоқ. Еліміз үшін жасалған істер ғой.
Жалпы салтанатты жиын барысында «Құрмет» орденіне 94 адам ие болды. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен 25 отандасымыз марапатталды. «Шапағат» медаліне 68 волонтер, меценат және басқа да азаматтар ие болды. Жаңару мен жаңғырудың мерекесі қарсаңында жоғары қошеметке ие болғандардың барлығы Жаңа Қазақстанды құруда әрі қарай аянбай еңбек ететіндіктерін айтып тарқасты.
Авторлары: Риат Шони, Ербол Дайыров, Алмас Омарғалиев