Президент Бас мүфтиді қабылдады
Биыл Ораза 30 күнге созылады. Осы аралықта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірқатар шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл жайында Президенттің қабылдауында діни басқарманың төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтып берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа басқарманың атқарған және алдағы жұмыстары да баяндалды. Мүфтият осы жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деп жариялаған. Осыған орай жыл бойы аталған тақырыпта түрлі форум өткізіледі.
Сондай-ақ ол Президентке елімізде ашылған «Әжелер мектебі» жайында айтып берді. Ол дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, жас қыз-келіншектерді имандылыққа баулиды.
Наурызбай қажы алдағы уақытта Түркітілдес елдердің Бас мүфтилерінің Алқасы құрылатынын да жеткізді.
Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти:
- Рамазан – тәрбие мен тағылым айы. Ендеше, берекелі айда көбірек сауапты амал жасауға асығайық, ағайын! Ата-анамыздың, қазыналы қарттарымыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысайық. Мүмкіндікке қарай мұқтаж жандарға қолұшын беріп, науқастың көңілін сұрап, сауабын алайық.