Мәжілісмендер халықтың өтініш-тілегін Үкіметке жеткізді
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Мәжіліс жұмысын жаңа форматта жандандырып отыр. Депутаттардың таяуда ғана өңірлерге сапарлап келгенін білеміз. Міне, тап сол халықпен кездесулерде жұртшылықтың бұйымтайын, проблемасын тыңдаған мәжілісмендер ұзын саны 2 мыңға жуық өтінішті Үкіметке жеткізген болатын. Олар қалай шешілді? Әлде ысырылып, кейінге қалдырылды ма? Депутаттар министрлерден тікелей сұрап алды.
Халықтың шымбайына батқаны – азық-түліктің шектен тыс қымбаттауы, ал жалақының титтей де өсірілмеуі. Тіпті кей өңірлерде бір аптада өнім құны 36-дан 47% дейін өсіп кеткен. Халық табысының жартысынан көбін тамаққа жұмсауға мәжбүр. Мәжілісмендер бағаны ырықтау жоспарын, азық-түлік қоры туралы сұрады.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Статистикалық деректер бойынша қазақстандықтар өз табысының жартысынан көбін азық-түлік алуға жұмсайды екен, ал біздің азаматтардың еңбекақысының өсу деңгейі осы әлеуметтік маңызы бар тамақтардың өсу деңгейіне ілесе алмай отыр. Министрлік елдің азық түлік балансын әзірледі ме? Екіншіден, Үкіметте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты жоспары бар ма? Үшіншіден, кәсіпкерлер мен бюджет есебінен бағаны ұстап тұру мүмкін болмаған жағдайда, бағаның өсуін қандай жолдармен реттеуді қарастырып отырсыздар?
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Азық-түлік балансы кешені жоспарланып қабылданған. Алты импортқа тәуелді тауар бойынша тиісті инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сондықтан қысқа мерзімнің ішінде бұл тәуелділікті төмендетуге тиісті шаралар қабылданады. Енді баға туралы айтатын болсақ, ішкі баланс нақты бақылауда. 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың қоры 1 млн тоннаны құрайды. Импорт және эскпорт жағынан тиісті шаралар қабылданды. Шектеулер қойылды. Импорттау мәселелері де қарастырылып жатыр. Әкімдіктер тарапынан арнайы мониторингтік топтар құрылған.
Министр айтқан сол мониторингтің арнайы топтар аулалардағы кішігірім дүкендердің 85% тексеріп шыққан. Бағаны шектен тыс көтеріп жіберудің 259 факті тіркелген. Қазір олар тауарларының құнын 15% дейін төмендеткен. 122 базар бақылауға алынған.
Сауда және ауыл шаруашылығы министрлері әлемдегі геосаяси жағдай салдарынан Еуропаның ауқатты деген алпауыт елдерінің өзінде азық-түлік 20% артық қымбаттағанын мысалға келтіргенімен, біздегі жағдайды олармен салыстыруға келмейтіні белгілі. Импортты азайтып, отандық өнімді көбейту – қымбатшылықты тыюдың төте жолы.
Ербол Қарашүкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Биыл бізде нақты шаралар, жоспарлар бар. 600 гектар алма бағын қосымша егеміз. Биыл 100 мың тонна сүт өндіретін 35 тауарлы сүт фермасын ашу жоспарда бар. 26 мың тонна ет өңдейтін үш ет комбинатын, 98 мың тонна құс етін өндіретін тоғыз фабрика салуды жоспарлар отыр.
Депутаттар халықтың көп бөлігі дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне қатысты да көп сұрақ қойған. Қазір Украинадағы жағдайға байланысты, ол елден жеткізілетін 25 түрлі дәрінің тасымалы тоқтап қалған.
Зарина Қамасова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Қазақстан дәрі-дәрмек жағынан импортқа тәуелді, кейбір дәрілер тіпті жоқ. Науқастар шағымданып отыр. Ертең не шприц, не катетер болмай 90 жылдардағыдай бәрін өзіміз сатып алып жүрмейміз бе? Үкімет дәрі қорын жинақтап отыр ма?
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Былтыр дәрінің 94% толық жеткізілді. Биыл бір жылға қажет көлемнің 50% сатып алынып қойды. Ал 25 дәрі шығаратын украиналық компаниямен келісімшартты біржақты үздік. Басқа конкурс жарияладық, мәселені шілдеге дейін шешеміз.
Депутаттар қаңтардағы трагедия кезінде қаза болған жауынгерлердің отбасының жағдайын күйттеп, мәселе көтерді. Бірреттік жәрдемақы бір бөлек, оларға тұрғын үй беру жағы қалай болады?
Юлия Кучинска, ҚР Парламенті Мәжілісініің депутаты:
- Митинг кезінде шекара академиясында оқып жүрген 3 курсант көз жұмды. Екеуі 19 жаста, біреуі 22 жаста. Заңға сай, олардың отбасыларына 1,5 млн теңге жәрдемақы берілген. Өңірлерге сапарымызда оларға баспана берілмегені айтылды.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Митинг кезінде 19 күштік құрылым өкілі қаза тапты. Қазір олардың 13-інің отбасына үй беру туралы нақты шешім бар. Қалғандары бойынша мәселе 25 сәуірге дейін толық шешіледі. Мен өзім тікелей облыс әкімдерімен сөйлесіп, тапсырма бердім.
Халықтың депутаттарға айтқан өтініші, сауалы көп-ақ, 1 мыңнан асады. Енді бұл тәжірибе дәстүрге айналады. Депутаттардың өңірлерге сапарында айтылған халықтың өтініш-тілегі бойынша Үкімет есеп беріп тұратын болады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Бұл проблемалардың бәрі нақты әрі жүйелі түрде шешілуге тиіс. Өйткені әрбір мәселенің артында адамдардың тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі тұр. Осыны әр депутат, министр мен жергілікті билік өкілдері терең түсінуге тиіс деп ойлаймын. Біз қазір үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз. Президент ірі саяси реформаларды жариялады. Қазір сол саяси реформалар қарқынды іске асып жатыр. Енді біз – Парламент, Үкімет мүшелері, жергілікті билік – бәріміз бір кісідей жұмылып, қазіргі қоғамда қордаланған мәселелерді жедел түрде шешуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Мемлекет басшысының қарқынына ілесе білуіміз керек.
Су тасқыны, қаладан шалғай жерлердегі интернет мәселесі, ауыл-аймақтағы жайылым тапшылығы өзге де көп бұқара көтерген сауалдар қойылды. Ендігі олардың жауабы жазбаша емес, дәл осылай ауызша көзбе-көз берілсе, олар жылдамырақ шешілуі тиіс деген сенім бар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әлібек Әлиев