Ербол Қарашөкеев: елде ұн қоры жеткілікті
Бұған себеп – инфляцияның бірден 5,8% артуы. Оған әлемдегі геосаяси ахуалда өз әсерін тигізбей қоймады. Үкіметтің ендігі міндеті – азық-түлік бағасының тұрақсыздығын қамтамасыз ету.
Риат Шони, тілші:
- Инфляция өсті. Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты елдегі инфляция деңгейі 8,7-ден 12% дейін өсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,3% артық. Мұндай көрсеткіш 2016 жылдан бері байқалмағандығын да айтып кету керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлтық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. Ресей батыс елдерінің санкциясының астында қалды. Бұл соққы солтүстіктегі көршілеріміздің ғана емес, біздің де экономикамызға кесапатын тигізбей қоймады. Өйткені екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 24 млрд доллардан асқан болатын. Енді санкцияларға байланысты логистикалық проблемалар себебінен шикізат пен материалдардың бағасы қымбаттап отыр. Оның үстіне елде азық-түлік инфляциясы 1 ай ішінде бірден 5,8% артып, 15-тен асты. Қазір базарларда орамжапырақ, қант, картоп, қызанақ сатып алу қарапайым қазақстандықтың қалтасынан ұратын болды.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
- 11-16 наурыздың төртінші аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсетуде 18,6% дейін өсті. Осы өсуге наурыздың екінші аптасында жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы айтарлықтай үлес қосты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апталық өсуі наурыздың соңғы аптасында 1,3%, сәуірдің бірінші аптасында 0,9% болып тұрақтануда. Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы наурызда 8,6-дан 10,9% дейін қымбаттады. Оған теңге бағамының әлсіреуі және азық-түлікке қарағанда төменірек болса да, артық сұраныстың қысымы себеп болды.
Алда мамыражай мамыр, әрі қарай жадыраңқы жаз айлары басталады. Әдетте бұл кезде азық-түлік тауарларының маусымдық өсімі байқалатыны белгілі. Сондықтан бұл құбылыстың алдын алу үшін Үкімет пен әкімдіктер тиісті шаралар қабылдау қажеттігінің Ұлттық банк ескертіп отыр. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін баға үстемесіне тиімді бақылау жүргізу қажет. Бұл ретте қолда қажет тетіктер барын Премьер-Министр Әлихан Смайылов атап өтіп, мемлекеттік орган басшылары мен мен әкімдіктер бұл мәселені ерекше назарда ұстауын міндеттеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Әлемде негізінен дәнді-дақылдарға, өсімдік майына, қантқа, ет пен сүт өнімдеріне баға күрт өсіп кеткен. Бұл біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отыр. Өздеріңіз білетіндей, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылуда. Инфляцияны ұстап тұру үшін қажет құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауға тиіс.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін Үкімет тиісті жұмыс атқаруы керек екені анық. Соңғы кезде бидайға қатысты елде алаңдаушылық болған еді. Енді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік нанның қымбаттамайтынын айтты. Ведомство жетекшісінің сөзінше елде ұн қоры жеткілікті. Бірақ наннан өзге ұннан жасалатын тауарлардың бағасы әзірге қалай болары белгісіз.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Ұнның бағасы бидайдың бағасына байланысты. Бидайдың бағасы қазір 150 тг болатын болса, ұнның бағасы да ішкі нарықта сәл өседі. Бидайдың бағасы төмендеп 120, 130-ға дейін жетсе, онда ұнның бағасы да төмендейді. Бұл – нарық. Ұн тапшылығы болмайды. Әлеуметтік әл-ауқаты төмен біздің қоғамның жартысы әлеуметтік нанды алып отыр. Оның бағасы өзгермейді. Нанның бағасын тұрақтандырып, ұстап отырмыз. Қалғаны бидайдың бағасымен байланысты болады.
Жалпы қысылтаяң шаққа қарамастан жыл басынан бері ел экономикасы 4,4% өскен. Экспорт көлемі де артты. Қаңтар-ақпан айларында сыртқы сауда тауар айналымы 52,5% өсіп, 18,2 млрд долларға жетіпті. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 71,4% өсіп, 12,1 млрд долларды құрады. Тағы айта кету керек, әлемде мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне байланысты Ұлттық қорға түсетін кірістер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есе ұлғайған. Жыл басынан бері қорға 1 трлн 59 млрд теңге түскен екен.