Мәжіліс отырысында Семей полигоны туралы заң жобасы мақұлданды
Мәжіліс «Семей полигонында ядролық қауіпсіз аймақ құру туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жобаның мақсаты – радиоактивті заттардың тарауын шектеу, аймақты қалпына келтіріп, жерін пайдалану. Бұған қоса, аумақтың радиоактивті ластану деңгейін бақылап, ядролық сынақтың әсерін жою да басты міндет. Айта кетейік, жалпы полигон аумағы 18 300 шаршы шақырым болса, соның 9 400 шаршы шақырымы радиоактивті деп танылған. Қалғаны – таза жерлер. Міне, осы аумақ енді арнайы ереже бойынша халықтың игілігіне берілмек. Семей ядролық қауіпсіз аймағын құруға Үкімет 2027 жылға дейінгі республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Құжат аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға да бағытталған.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Бүгін біз өте маңызды заң жобасын мақұлдадық. Бұл мәселе алғаш рет заңнамалық деңгейде реттелейін деп отыр. Жергілікті халық бұл мәселені көптен бері көтеріп жүр. Осы заң сол жерлерді реттеу және қалпына келтіру үшін жүйелі жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде табиғаты ластанбаған, экологиясы таза жерлер халықтың игілігіне беріледі. Енді аталған заң жобасының қаралуы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сол Абай облысын құру жөніндегі шешімімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы облыстың жаңа өңірдің экономикасын дамытуға, экологиясын тазартуға үлкен үлес қосады деп ойлаймын.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бәрін зерттеу, сосын оның ішінен қатты радиациямен зақымданған аймақтарды бөліп алып, оларды басқару керек, заң жобасы енген. Заң жобасы аясында ол жерді басқаратын оператор болады, арнайы мекеме белгіленген. Бұл – Энергетика министрлігінің қарамағындағы ведомстволық ұлттық ядролық орталық. Ол қазір де жұмыс жасап жатыр, көптеген жер тексерілді, барлық аумақты тексеріп, 2 млн-дай өлшем жасаған.