Президент 10 мемлекеттің елшісінен Сенім грамотасын қабылдады
Ақордаға мемлекеттерінің мүддесін арқалап он елдің елшісі келді. Төртеуі – Африка аумағының, өзгесі – Латын Америка мен Азия елдерінің өкілдері. Ресми түрде жұмысына кіріскен олар мемлекетаралық байланысты одан әрі тереңдетуге ниетті.
Он елші де өз отандарының Қазақстанмен арадағы алыс-берісін арттыруға құлшынып отыр. Мемлекетаралық байланысты одан әрі тереңдетуге ниетті. Бірақ жасыратыны жоқ, олардың қызметі халықаралық қатынастар шиеленіскен тұста басталғалы отыр. Қазақстан Президенті бұл қақтығыстар БҰҰ Жарғысына сәйкес әділ шешілеріне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан қазір дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Біз демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне өткенімізді жариялап, мемлекеттік билікті орталықсыздандыруға кірістік. Мұндай өзгеріс біздің елде бұрын-соңды болмаған. Қазақстан Үкіметі ұлттық экономиканың ашықтығына, келісімшарттардың бұзылмауына және жемқорлықпен аяусыз күреске кепіл болады. Бұл реформалар халқымыздың тарихындағы бетбұрыс кезеңін білдіреді. Біз тұралап қалу емес, қарқынды даму жолын таңдаймыз.
Он елдің әлеуеті әрқилы болғанымен, оларды Қазақстанмен байланыстыратын себеп бар. Мысалы, Аргентинамен арада ұстанымға қатысты ұқсастық көп. Экология, ядролық қауіпсіздік тақырыбында екі елдің ойы үнемі бір жерден шығып жатады. Кариб аралындағы Доминиканмен де байланыс орнатуға арадағы 11 мың шақырым еш кедергі келтіріп отырған жоқ. Елші Франк Ганс Данненберг бүгінгі күн өзі үшін тарихи сәт екенін жасырмады.
Франк Ганс Данненберг, Доминикан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен Доминикан Республикасы атынан Қазақстанда тіркелген ең алғашқы елшімін. Сондықтан екіжақты байланысымызды тұрақты жолға қоюда зор міндет жүктеліп отыр. Бізге жыл сайын Қазақстаннан өте көп турист келеді. Олар үшін визасыз режим енгіздік. Алдағы уақытта сауда байланасымызды дамытсақ деймін. Өйткені Қазақстан – біз үшін Азияға ашылатын қақпа. Алдағы уақытта біздің елден де елшілік ашасыздар деп сенемін.
Африка аумағында Бенин дейтін бір ел бар. Аса бақуатты емес. Бірақ Бенин баламалы энергия көзіне өте бай. Қазақстан да 2050 жылға жаңартылатын энергияның үлесін 50% жеткіземіз деп отыр. Қос елдің бұдан өзге де ортақ мақсаты аз емес.
Акамби Андре Окунлола-Биау, Бенин Республикасының төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен туризм, мәдениет және білім саласындағы байланысты жандандыруға үлес қоссам деймін. Екі ел арасындағы қарым-қатынас 2011 жылы орнады. Оның бұрынғыдан да нығайғанын қалаймын.
Ал Перу таяуда Қазақстанмен бірлесіп саяси кеңес комиссиясының екінші отырысын өткізеді. Ақпарат мәдениет саласында бірқатар келісімге қол қоймақшы. Мемлекет басшысы дипломатиялық корпустың жұмысын жоғары бағалайтынын жеткізді. Алғысын да айтты.
Авторы: Шынар Асанқызы