Мәжіліс депутаттары мен «Amanat» партиясының белсенділері референдумға қызу дайындық үстінде
Болашақта республикада демократиялық институттардың рөлі қаншалықты күшейеді? Мәжіліс депутаттары мен «Amanat» партиясының мүшелері Алматыдағы Қазақ бас сәулет құрылыс академиясының оқытушысы студенттерімен кездесіп, осы мәселелерді талқылады. Парламентарийлер түсіндіру жұмыстарын екі аптадан бері аймақтарда жүргізіп келеді. Мәжіліс депутаттары мен «Amanat» партиясының белсенділері 5 маусымдағы референдумға қызу дайындалуда. Кездесу ерекше жағдайда, ашық аспан астында өтті. Оқытушылардың пікірінше, референдумға шығарылған мәселелердің барлығы – қоғамда әбден талқыланып, иіні қанған сұрақтар.
Лейла Қасымова, ҚАЗБСҚА қауымдастырылған профессоры:
- Өкінішке қарай, көптеген халықаралық сарапшы мен ұйымдар ұзақ жылдар бойы біздің елді авторитарлық басқару үлгісіндегі мемлекеттердің қатарына қосып келді. Мені 6-бап, 3-бөлімдегі табиғи ресурстар, жер және оның қойнауы халыққа тиесілі болады деген өзгерістер қуантып отыр. Бұл –өте маңызды мәселе. Халық жақсы қабылдайды деп есептеймін.
Парламентарийлердің айтуынша, қоғамның әртүрлі өкілдерімен күніне осындай 4-5 кездесу өтеді.
Мәди Ахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Нақты ұсыныстар, расымен де өткір сұрақтар қойылды. Енді біздің негізгі мақсатымыз – осы референдумға қатысуға шақыру. Жалпы бізде 5 миллионнан астам дауыс беруге құқы бар азаматтар, жастар болғандықтан, Алматы қаласында 30-дан астам ЖОО шоғырланғандықтан, негізгі басымдықты осы ЖОО-ға беріп, кездесуіміздің біршамасын аталмыш университет қабырғасында өткізіп отырмыз.
Депутат Мәди Ахметовтің сөзінше, халықты «Алдағы реформалар өмірімізге қандай өзгеріс әкеледі?» деген сауал толғандырады. Сұрақ заңды, әрине. Ал оның жүзеге асуы әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына байланысты екені де белгілі.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев