ҚР Президенті Ашхабадта өтетін VІ Каспий саммитіне қатысады
Ашхабадта өтетін Каспий маңы елдері басшыларының VІ саммитіне қатысады. Теңізді жағалай қонған бес елдің басшысы 4 жылдан бері бас қоспады. Тараптардың теңізге қатысты айтары көп.
Түрікмен десең, бірінші ойға оралатыны – Ақалтеке, алабайы, кілемі. Орталық Азиядағы ерекше елде биылғы көктемде тарихи оқиға болды. Елді 15 жылдай басқарған Гурбангулы Бердімұхамедов президенттіктен кетіп, орнына ұлы Сердар Бердімұхамедов отырды. Саммит кіші Бердімұхамедовтің бірінші басшы ретінде өткізетін алғашқы аса ауқымды шарасы болғалы тұр. Бірден 4 елдің президентін қарсы алады. Амандық болса, Ашхабадқа Қазақстан, Әзербайжан, Ресей мен Иран басшылары келеді.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Каспий маңындағы елдердің басшысы бұған дейін бес рет бас қосқан. Соңғы рет 2018 жылдың тамызында Ақтауда кездесті. Ол кезде теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенция қабылданған еді. Ал 29 маусымда Түрікменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің туған күнінде ресми Ашхабад VІ Каспий саммитін өткізгелі отыр.
Каспий аса маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Географиялық орналасуы оны Азия мен Еуропа құрлықтарында ғана емес, дүниежүзіндегі ерекше ықпалды теңіздердің қатарына қосты. Қойнауы тұнған қазына. Теңіз қайраңында мұнай мен газдың мол қоры шоғырланған. Геолог мамандардың бағалауынша, қарт Каспийде 68 млрд баррель мұнай бар. Әлемдегі «қара алтынның» барланған қоры 150 млрд баррель көрінеді. Ал мұнайдың төңірегінде қашанда үлкен саясат жатады. Саммитке де бестік басшылары өз есебімен, өз мүддесімен келеді. Сарапшылардың болжамынша, президенттер саммитте 2018 жылы Ақтауда қабылданған конвенцияны толықтай жүзеге асыруды сөз етпек. Себебі теңізді жағалай қонған бестіктің арасында шешілмеген мәселе аз емес.
Айдар Құрмашев, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы:
- Жақында болатын саммит конвенцияны жүзеге асыру мәселесімен байланысты болады деген ойдамыз. Шешілмегені – медиандық шекараны бөлу. Әрине, әр мемлекет өзінің мүддесі бойынша өздерінің аймағын ұлғайту әдістерін ұсынады. Бұл – үлкен мәселе. Сондықтан оны мемлекет басшылары өз бетінше шешуі керек.
Ортақ мәмілеге келіп, теңізден пайда табуға әуелі біз мүдделіміз. Себебі Каспийдің солтүстік, солтүстік-шығыс жағалауында Қазақстан шекарасы 2 320 шақырымды алып жатыр. Бұл – теңіз жағалауының үштен бірі біздің иелікте деген сөз. Ақтау, Құрық порттары арқылы астық, металл экспорттап отырған Қазақстан Каспийдің көліктік әлеуетін арттыруды көздейді. Әсіресе геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұрған қазіргі шақта теңіздегі төте жолдың маңызы арта түсті. Экономикалық пайданы ғана көздемей, экологиясын сақтау да бір міндет. Мұнай қалдығын тастағаннан, теңізді ластағаннан мұндағы тіршілік атаулы зиян шегіп жатыр. Осының бәрі ертеңгі саммитке өзек болады деп күтілуде. Бастысы, Каспийді бестікті бөлетін емес, бірігіп пайда көретін достық теңізіне айналдыру мұраты тұр.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Айдос Серікболұлы