ҚТЖ түбегейлі жаңғыртылады
Ал «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясын толықтай жаңғырту жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ақтау портын контейнерлік хабқа айналдыру да – стратегиялық міндеттің бірі. Бұл тапсырмалар мен міндеттер Президенттің төрағалығымен өткен Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте айтылды.
Әлемдегі геосаяси жағдай мен санкциялық текетірес дәстүрлі көлік-логистика желісін өзгеріске ұшыратты. Батыс пен шығысты байланыстыратын ел ретінде бұл бізге де өз әсерін тигізуде. Үлесімізден қағылып жатқан тұстарымызда бар. Демек, қалыптасқан жағдайды жаңаша шешудің жолын табу керек.
Жиын барысында қарым-қатынастар мен жүк жеткізетін балама бағыттарды, сондай-ақ тасымалдау ісін әртараптандыруды пысықтау қажеттігі айтылды. Сонымен қатар отандық өнімді экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығару – бір міндет. Оның сыртында Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту керек. Осы мақсатта балама теміржол бағыттарын қалыптастыру қажет. Бұл жерде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Мақтаарал – Дарбаза жобаларын жүзеге асыру, Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желісін салу жөнінде сөз болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев теміржол паркінің жұмысын жандандыру және жолдарға күрделі жөндеу жүргізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Президент «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясын толықтай жаңғырту қажет деп есептейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан теміржолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келді деп ойлаймын. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, компанияға еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
Автожол инфрақұрылымын дамыту мәселесі де – маңызды салалардың бірі. Ең алдымен, құрылысы басталған магистральды бағыттардағы Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен тасжолдарын қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет. Президент сондай-ақ теңіз арқылы тасымалдау ісін дамытуға ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдау ісін әртараптандыруды тағы бір маңызды міндет ретінде атап өтті. Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Алмас Әбілдаев, сарапшы:
- Біз Батысқа байланбай, Азияға назар аударуымыз қажет. Америкалықтарға Қытайға қара алтынды сатқан тиімді екенін көрсетіп, сендіру керек. Логистика, құбырлар туралы көп сұрақ бар, әрине, оны бірден жасау мүмкін емес. Бірақ екі-үш жыл ішінде жүзеге асыру керек. Қытайдың өзі қабылдамаса да, біз шығыс жағалауында Қытаймен келісіп, Вьетнамға, Шығыс Азия елдеріне, Оңтүстік Кореяға мұнай жөнелту үшін порттар құра аламыз. Онда 4 миллиардқа жуық адам тұрады, ал Еуропалық Одақтың тек 660 мыңдай тұрғыны бар. Ең алдымен, Қытай бағытын іздеу керек.
Тағы бір атап айтары, соңғы уақытта шекарадағы біраз былықтың беті ашылғаны белгілі. Ол жердегі жұмыс қазір біртіндеп жөнге келтірілуде. Бүгінгі кеңес кезінде Үкіметке жыл соңына дейін кедендік рәсімдеу үдерісін және шекаралық бақылауды толық автоматтандыру тапсырылды.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы