Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, осылай деді. Президент ұлттың қауіпсіздігіне қалқан болған осы органның ардагерлерін, офицерлері мен қызметкерлерін құттықтады. Олар атқарған ауқымды жұмысты айрықша атап өтті. Мысалы, жыл басынан бері Комитет қызметкерлері экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адамды ұстап, екі терролық актінің алдын алған. Жарты жылдың ішінде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары анықталып, жойылған. Ал Қазақстан шекарашылары режимді бұзған 7 мыңнан астам адамды ұстап, жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалының жолын кескен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық қауіпсіздікті қорғау ісі көбінесе ел назарынан тыс жүргізіледі. Оны көпшілік біле бермейді. Дегенмен сіздердің жұмыстарыңыздың мән-маңызы айрықша. Шынайы патриотизм атақ үшін емес, Отан үшін елге адал қызмет етуден көрінеді. Біз ел мүддесін қорғау жолында құрбан болған қаһармандарды ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлік істері жұртқа жарияланбайды. Бірақ есімдері Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жылнамасына алтын әріппен жазылады. Комитет ардагерлеріне көп жылғы еңбегі үшін зор алғыс айтамын.
Президенттің пайымынша, күшейіп келе жатқан геосаяси шиеленіс, бұрын-соңды болмаған санкциялық текетірес, гибридті қақтығыстардың таралуы ұлттық қауіпсіздікке жаңа сын-қатер төндіріп тұр. Ал бұл ретте Ұлттық қауіпсіздік органдары алдыңғы шептен табылуға тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мамыр айында Ұлттық қауіпсіздік комитетін реформалау жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын. Үлкен өзгерістердің жолында әділдік және заң үстемдігі басты бағдар болуы керек деп ескертті Президент. Сондай-ақ Мемлекет басшысының ойынша, Комитеттің әрбір қызметкері өз ісіне адал және нағыз маман болуға тиіс және қадай жағдай болмасын, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоюы керек. Жиын соңында Президент Ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өзгерістердің бәрін табысты жүзеге асыру үшін бізге кез келген қауіпке тиімді қарсы тұра алатын заманауи арнаулы қызмет керек. Ұлттық қауіпсіздік органдары ұлттық мүдделерді қорғауда және күшейіп келе жатқан заманауи сын-қатерлерге қарсы күресте алдыңғы шепте болады. Сондықтан аналитикалық және ақпараттық барлау жұмыстарына баса мән бере отырып, проблемаларды бастапқы сатысында жою қажет. Қазақстан жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді. Сондықтан еліміздің одақтасы және стратегиялық серіктесі саналатын мемлекеттермен арадағы табысты ынтымақтастықты арнаулы қызметтер саласы бойынша дамыту өте маңызды. Қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру кезінде азаматтар құқығының тапталуына және елімізде іскерлік климаттың бұзылуына жол беруге мүлде болмайды.