Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.
Қазақстан Президенті Қатардың әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі екенін атап өтті.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға екі жақтың да ниетті екенін нақтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, оларды еліміздегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларында мол мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.
– Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын көрінісі. Сондай-ақ, жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Қатар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Болашақта да қазақ-қатар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын алғыс айтып, алдағы Республика күні мерекесімен құттықтады.
Қатар Әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ көпжақты құрылымдар бойынша, оның ішінде АӨСШК аясындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін жеткізді.
Келіссөздерден кейін мемлекеттер басшылары бірқатар құжатқа қол қойды.
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Дипломатиялық және арнайы паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Білім және жоғары білім министрлігінің арасындағы жоғары білім саласы және ғылыми зерттеулер бойынша ынтымақтастық туралы келісім;
4. Астана қаласының әкімдігі мен Доха қаласының муниципалитеті арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Сауда және индустрия министрлігі арасындағы сауда саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасында денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы келісім;
7. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Муниципалитет министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрілігінің Метрология және стандарттау институты мен Қатар Мемлекетінің Стандарттау бас ұйымы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Спорт және жастар министрлігі арасындағы спорт саласы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған алғашқы атқарушы бағдарлама;
10. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қатар Мемлекетінің Мәдениет министрлігі арасындағы мәдениет және өнер саласындағы 2023-2025 жылдарға арналған бағдарлама;
11. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қатар Мемлекетінің туризм жөніндегі ұлттық кеңесі арасындағы туризм саласы және маркетинг шаралары бойынша өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.
12. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қатар Мемлекеті Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия институты арасындағы дипломаттарды даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум.
Дереккөз: akorda.kz