Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәмим бен Хамад Әл Тәни БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Президент келіссөздерге мәнді де, мағыналы пікір алмасу болды деп баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде екі елдің ынтымақтастығы нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар, сондай-ақ жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы іс-әрекеттер дамып келе жатқанын атап өтті.
–Жалпы, Қатар – біз үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес. Себебі Доха біздің әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларымызға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Мен мұны бүгін шейх Тәмимнің өзіне де айттым. Оның екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Халқымыздың атынан ризашылық білдірдім, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бүгінгі келіссөздер нәтижесінде тараптар маңызды мәселелерді талқылап, бірқатар келісімге келген.
– Қазақстан мен Қатар екіжақты қарым-қатынастағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударады. Алайда коронавирус індеті және геосаяси ахуал әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Сол себепті соңғы жылдары сауда-саттығымыз бәсеңдеп кетті. Ендігі мақсатымыз – елдеріміз арасындағы тауар айналымын жандандыру. Бұған қолайлы жағдай жасалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі уақытта Қатардың бірнеше компаниясы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың өнімі бірқатар мемлекетке экспортталады. Сонымен қатар тараптар геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын дамытуға уағдаласты. Осыған орай бүгін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Мемлекет басшысы бұл келісімдердің қазақ-қатар қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенімді екенін жеткізді.
Дереккөз: akorda.kz